***
«Егемен Қазақстан» басылымының жазуынша, Қазақстанның Германиядағы елшісі және Данияда елшілік қызметті қоса атқарушы Нұрлан Онжанов Дания Корольдігінде болып, осы ел сыртқы саясат ведомствосының басшылығымен кездесу өткізді. Дания сыртқы істер министрлігінің мемлекеттік хатшысы Микаэль Цильмер-Йонспен келіссөз барысында екі жақты ынтымақтастықтың және халықаралық тақырыптың кең ауқымы бойынша пікір алысылды. Сұхбаттастар Қазақстан мен Дания арасындағы үстіміздегі жылдың мамыр айында 20 жыл толатын қарым-қатынастың бірізді сипатын жоғары бағалады.Кездесуде көтерілген осы және өзге де мәселелер жөнінде «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санындағы «Дания Корольдігіндегі кездесу» атты мақаладан оқыңыздар.
Сондай-ақ осы басылым бүгінгі санында «Үш жылда 18,4 миллиард теңге» атты мақала басты. Басылымның жазуынша, бұл қаржы шырайлы Шығыстағы кәсіпкерлердің облыс әкімі Б.Сапарбаевтың «Туған жерге тағзым» акциясына үн қосып, соңғы үш жыл ішінде әлеуметтік ғимараттарды өз қалталарынан салғанын білдіреді. Өңір басшысының осыдан үш жыл бұрын көтерген игі бастамасының мақсаты - кіндік қаны тамған өлкеге осы жергілікті және сырт жақта мекендеп жатса да, бүйректері туған жерге бұрып тұратын азаматтардың қайырымдылық жасауына жол ашу болатын. Жақында өңір басшысы Өскеменде меценаттардың басын қосып, оларға құрмет көрсетті, ән мен жырдан шашу шашты.
***
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Германия Федеративтік Республикасына жасаған сапары өте сәтті болды. Президент Федералдық Канцлер Ангела Меркельмен кездесіп, нәтижелі келіссөздер жүргізді. Тараптар халықаралық саясаттың жаһандық мәселесін шешу жөніндегі көптармақты ынтымақтастықты жандандыру қажеттігіне тоқталды. Осыған байланысты Қазақстан басшысы Берлин Еуразиялық клубының ашылуы және жұмыс істеуі біздің мемлекеттеріміз әлемдік саясаттың жаһандық жүйесінде алға қойған міндеттерге қол жеткізуге мүмкіндік беретінін мәлімдеді. Берлин Еуразиялық клубы екіжақты іс-қимылдар, өңірлік қауіпсіздік, еуразиялық ықпалдастық үдерісі, энергетикалық және шикізат ынтымақтастығы тәрізді өзекті тақырыптарды талқылау үшін Қазақстанның Еуропадағы алғашқы диалог алаңына айналатын болады. Бұл туралы «Айқын» басылымының бүнгінгі санындағы «Нұрсұлтан Назарбаев: Бұл біздің қарым-қатынасымыздағы нағыз серпіліс» атты мақаладан оқыңыздар.
Осы басылым бүгінгі санында «Киіз - әрі өнер, әрі ем...» атты мақала басты. Онда батыста киіз бұйымдарын жасау - танымал өнер саласына, тіпті ғылымға да айналғандығы айтылады. Ондағы академия өз ізденушілеріне ғылыми тақырып ретінде киіз басу өнерінің тарихын, оның құпия сырларын бекітіп береді екен. Міне, академияның сондай ізденушілерінің бірі - Юла Олесцакқа киізбен емдеу дәстүрі бұйырыпты. Зерттеу нысаны - Қырғызстан мен Қазақстан. Юланың алғашқы зерттеу мақаласы ғаламтор бетінде жарық көріп те үлгерді. «Көшпелі халықтың киізбен емдеу мәдениеті» аталған бұл еңбегінде неміс қызы батыс әлеміне киіздің медициналық тұрғыдан танылуы - ХХ ғасырда өмір сүрген танымал суретші Йозеф Бойстың еңбектерімен байланысты екенін жазады. Екінші дүниежүзілік соғыс кезеңінде Қырым үстінде апатқа ұшыраған ұшқыш сарбаз Йозефті көшпелі татар халқы киізге орап сауықтырып, аяққа тұрғызады. Мұндай дәстүрлі емдеу тәсіліне тәнті болған Бойс кейін өзінің өнер туындыларында киіз элементтерін қолданумен бірге, киізбен емдеу әдістерін кеңінен насихаттауға кіріседі. Киіз өнеру туралы қызықты мәліметтерді «Айқын» басылымының бүгінгі санынан оқисыздар.
***
«Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санында «Валентиннің үнін өшіруге бір ғана концерттің шамасы келе ме?» атты проблемалық мақала жарияланды.Ондамұсылман дүниесі үшін ғана емес, өзге діннің де шариғатына қайшы бұл мерекенің жаһанға, соның ішінде елімізге қалайша мәшһүр болып кеткені сынға алынады. Бұл ретте мақала авторы көрші Өзбекстан мен Түркіменстан тура осы күнге мемлекеттік мерекені белгілеп тастағанын, көршілердің осындай игі ісінен үлгі ала алмағанымызға өкініш білдіреді. Дегенменақпанның 14-і күні Конгресс-Холлда концерт өткізуді ұйымдастырған «Сәлем» радиосындағы «Ақсүйек» бағдарламасының жүргізуші Өмірбек Құрмаш: «Көп адам бұл концертті біз тойламайтын «Әулие Валентин күнінің» құрметіне орай ұйымдастырылып отыр деп ойлайды. Бірақ бұл концерттің оған түк қатысы жоқ. Ақпанның 14-і - «Сәлем» радиосынан берілетін «Ақсүйек» бағдарламасының алғаш радиоэфирге шыққан күні. Биыл бұл бағдарламаға үш жыл толады. Осыған байланысты жыл сайын есептік концерт беруді «Әулие Валентин күніне» қарсы қойып, дәстүрге айналдырып отырмыз. Яғни ол «Әулие Валентин күніне» 180 градусқа қарсы концерт болмақ» дейді жүргізуші.
Аталмыш басылымның бүгінгі санында сонымен қатар «Оңтүстікте ана өлімі неліктен асқынды?» деген мақала басты. Басылымның жазуынша, шырайлы өңірде жыл басынан жеті ана өлімі тіркелген.
Ал Денсаулық сақтау министрлігі жанынан құрылған арнайы комиссия өкілдері мерт болған жеті ананың алтауын аман алып қалуға болатынын анықтаған. Ең сорақысы комиссия өкілдері ауруханаға барғанда Бас дәрігердің емдеу жөніндегі орынбасары Владимир Нарыжный мас болып есі кіресілі-шығасылы күйде жүрген. Бұл туралы «Алаш айнасы» басылымының бүгінігі санынан егжей-тегжейлі білуге болады.
***
«Казахстанская правда» басылымының жазуынша, кеше елорда әкімі Иманғали Тасмағамбетов тұрғындармен есепті кездесу өткізіп, қала халқын еліміздің басты шаһарындағы жағдаймен таныстырды. Әкімнің айтуынша, Астанаға жылына тұрақты тұруға 40 мың адам келеді екен. Бұл қала тұрғындарының 6 пайызы. Ал бұл азаматтардың барлығына жұмыс керек, олардың балалары мектепке оқып, балабақшаға барулары керек. Нәтижесінде қала бюджетіне түсіп отырған салмақ 100 миллиард теңгені құрап отыр. Бұл ретте 2011 жылы қаланың өзінің жеке кірістері 90 миллиард теңгені құраған. Ендеше қала әкімдігі қалыптасқан жағдайдың шешімін қалай табуда? Бұл сауалдың жауабы «Казахстанская правда» басылымының бүгінгі санындағы «Диалоги о насущном» атты мақалада.