Әнші алдымен өзін жылы қарсы алған қазақстандық көрермендерге алғыс айтып, Астанада қайта өнер көрсеткеніне қуанышты екенін жеткізді.
– Осындай зор ықыласпен, құшақ жая қарсы алғандарыңызға шексіз алғысымды білдіргім келеді. Рақмет сіздерге, қымбаттыларым! Шын жүректен алғыс айтамын, – деді Валерий Меладзе.
Өнер иесі елорданың жыл сайын өзгеріп, жаңарып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, Астана қарқынды дамығанына қарамастан, өзінің ерекше атмосферасы мен көркін сақтап отыр.
– Әдемі, таза, көрікті, жанға жайлы әрі заманауи қала. Менің ойымша, әлемдегі ең таза қала, – деді әнші.
Валерий Меладзе бұған дейінгі Астанаға сапарларын да еске алып, содан бергі уақытта елорданың айтарлықтай өзгергеніне назар аударды.
Сөз соңында әнші Астананың одан әрі өркендей беруіне тілектестік білдірді. Сондай-ақ соңғы жарты жылда алғаш рет сахнада осыншалықты ұзақ кіріспе сөз сөйлегенін әзілмен жеткізді.
Айта кетейік, бұған дейін елорданың тазалығы мен оны қамтамасыз ететін коммуналдық қызметкерлердің еңбегі туралы арнайы материал жарияланған болатын. Онда Астананың санитарлық тазалығын сақтау және қаланы абаттандыру жұмыстары баяндалған.