Оның атап өтуінше, бастапқыда банк депозитіндегі 700 мың теңгеге мемлекет тарапынан кепілдік берілсе, кейіннен оның көлемі 5 млн. теңгеге дейін арттырылған. Ал алдағы уақытта депозиттегі қаржыға 10 млн. теңгеге дейін кепілдік берілмек.
«Естеріңізде болса, менеджменттің кәсіби болмауы салдарынан 2006 жылы «Валют Транзит» банкі банкротқа ұшыраған еді. Онда көптеген депозитерийлер қалып қойған болатын. Салымшы болған шамамен 4700 адам 700 мың теңгеден қаржыларын қайтарып алды. Бірақ, олардың депозиттерінің көлемі одан да мол болатын. Сондықтан депозиттердің кепілділігіне сенімді арттыру үшін саяси шешім қабылданып, оның көлемі 5 млн. теңгеге дейін арттырылды. Әрине, мұндай қадамға бармауға да болатын еді. Бірақ, салымшылардың басым бөлігі зейнеткерлер болатын. Сондықтан Үкімет пен Ұлттық банк шешім қабылдап, тұрақтандыру қорынан қаржы бөлді. Яғни, 4700 адамның әрқайсысына 4,3 млн. теңгеден қаржы төленетін болады», - деді Ұлттық банк төрағасы.
Осы ретте Қ.Келімбетов алдағы уақытта мұндай жайтқа жол берілмейтіндігін баса айтты.