Бір күндік бұрылыс
23 қазанда доллар бойынша T+1 режимінде 1 314 мәміле жасалып, сауда көлемі 502,328 млн долларға барды. Есеп айырысу режиміндегі орташа бағамы 452,11 теңге болды. Бір күн бұрын орташа бағам 448,09 теңге болған.
Еуроға қатысты 129 мәміле жасалып, көлемі 24,083 млн еуроға жетті. Еуроның орташа бағамы 506,55 теңгеге жетіп, алдыңғы күнмен салыстырғанда 3,36 теңгеге өсті. Сауда барысында бағам 503,64-512,17 теңге аралығында құбылды.
Юаньнің T+0 және T+1 режимдеріндегі сауда көлемі тиісінше 139,3 млн және 84,36 млн юань болды. T+0 режиміндегі орташа бағам – 67,428 теңге, T+1 режиміндегі орташа бағам – 67,6773 теңге.
Рубль бойынша осы екі режимдегі көлем жиынтығында шамамен 3,91 млрд рубльге жетті (орташа бағамы 5,6045 теңге). 19-23 қазан аралығында теңге бағамы төрт негізгі валютаға қатысты әртүрлі бағытта өзгерді. Дүйсенбіде доллардың ресми бағамы 452,12 теңге болса, жұмаға қарай 447,94 теңгеге дейін төмендеді. Осылайша, апта ішінде доллар 4,18 теңгеге немесе шамамен 0,9% арзандады.
Алайда биржадағы жұма күнгі саудада доллардың орташа сараланған бағамы алдыңғы күнмен салыстырғанда 4,02 теңгеге өсіп, 452,11 теңге болып шыға келді.
Базалық мөлшерлеме
Осылайша апта соңында теңге әлсіреді. Сондай-ақ 23 қазанда Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 0,5 пайыздық тармаққа төмендетіп, жылдық 15,75% деңгейінде белгіледі.
Реттеушінің шешіміне жылдық инфляцияның баяулауы негіз болды. 2026 жылғы қыркүйекте инфляция 9,3% деп тіркелді. Азық-түлік инфляциясы 8,5%-ға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар инфляциясы 11%-ға дейін төмендеді. Қызметтер бағасының жылдық өсімі 8,9% деңгейінде қалды.
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов инфляцияның төмендеуіне теңгенің нығаюы, тұтынушылық сұраныстың орнығуы және Үкіметпен бірлескен инфляцияға қарсы шаралар ықпал еткенін айтты. Дегенмен инфляция нысаналы деңгейден әлі жоғары, ал тәуекелдер теңгерімі проинфляциялық аймақта қалып отыр.
Сондай-ақ ол базалық мөлшерлемені 2026 жылдың соңына дейін қайта өзгерту ықтималдығы төмен екенін мәлімдеді. Келесі жоспарлы шешім 4 желтоқсанда жарияланады.
500 теңгелік бағам қайта орала ма?
Ұлттық банктің қазан айындағы кәсіби қатысушылар сауалнамасында 2026 жылдың соңына арналған инфляция болжамы 9,5%-ға дейін төмендеді. 2027 жылға болжам 8,3%, ал 2028 жылға 6,9% болды.
Сауалнамаға қатысушылардың болжамы бойынша, доллардың орташа жылдық бағамы 2026 жылы 479 теңге, 2027 жылы 499,6 теңге, 2028 жылы 527,1 теңге болуы мүмкін. Бұл – Ұлттық банктің нақты бағамға қатысты міндеттемесі емес, кәсіби нарық қатысушылары күтетін болжам.
Ұлттық банктің алдына инфляцияны 2027 жылы 6,5-8,5% аралығына түсіріп, 2028 жылы 5%-ға жақындату міндеті қойылған. Реттеуші ақша-кредит шарттарын ұстамды қатаң деңгейде сақтап, баға тұрақтылығына басымдық беретінін атап өтті.
Қыркүйекке арналған валюталық шолуында Ұлттық банк Ұлттық қордан 200 млн доллар сатқанын хабарлады. Ал алтын сатып алуды теңестіру аясында қыркүйекте шамамен 374 млрд теңге айналымнан алынған. 2026 жылдың төртінші тоқсанында осы тетік шеңберінде 907 млрд теңгеге балама шетел валютасын сату жоспарланған.
Апта соңындағы деректер доллар мен еуроның қымбаттағанын, юань мен рубльдің де теңгеге шаққандағы бағамы көтерілгенін көрсетеді.