Валюта нарығындағы ахуал тұрақты - Ұлттық банк төрағасының орынбасары
18:20, 12 Шілде 2010
АЛМАТЫ. Шілденің 12-сі. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - "Ұлттық банк қазір валюта биржасындағы саудаға қатыспайды десе де болады". Бұл Ұлттық банк төрағасы орынбасары Данияр Ақышевтың бүгін Алматыда ғаламторды пайдаланушылармен өткізген он-лайн конференциясында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Қазір валюта нарығындағы ахуал тұрақты. Оған бірінші, нарықта айтарлықтай теңселудің болмауы айғақ бола алады. Екінші, тұрақтылық факторы Ұлттық банктің валюта биржасындағы саудаға қатысуы. Ол қазір шамалы ғана. Ұлттық банк қазір валюта нарығындағы бағамның қалыптасуына араласпайды десе де болады", дейді Ұлттық банк төрағасының орынбасары Данияр Ақышев. Оның айтуынша, қазір соңғы 2 айда еуроның АҚШ долларына қатысты бағамының төмендеуі тоқтауға жақын. Бұл нарықта енді айтарлықтай өзгеріс күтіліп отырған жоқ.