Валюталық депозиттер кімдерге тиімді

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда валюталық депозиттер бойынша жаңа ұсыныстар осы айдың соңына дейін пайда болуы мүмкін. Бұл туралы Ұлттық Банкі төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов айтты.

Фото: pixabay.com

Оның мәліметінше, қазір барлық банктерге валюталық депозиттер бойынша жаңа шарттар ұсынуға мүмкіндік берілген. Банктер қазіргі уақытта өз ұсыныстарын бағалап жатыр.

- Айдың соңына дейін банк нарығында қандай да бір ұсыныстарды көреміз деп ойлаймын. Қазір нақты бір банкті немесе бірнеше банкті атап, жарнамалағым келмейді. Мұны нарықтан көруге болады, – деді Баймағамбетов.

Оның айтуынша, банктер валюталық депозиттер бойынша мөлшерлемені қандай шарттармен ұсынатынын өздері анықтайды. Мәселен, депозиттің ең төменгі сомасы, барлық депозиттерге қолданылуы немесе шотта белгілі бір мөлшердегі қаражаттың сақталуына қойылатын талаптар белгіленуі мүмкін.

- Жаңа ереже бойынша мөлшерлемесі жоғары болуы мүмкін өнімдер мерзімі 12 айдан асатын жинақ депозиттеріне қатысты. Қазір банктер осы мәселе бойынша шешім қабылдап жатыр. Бәлкім, кейбір банктер мұндай ұсыныстарды клиенттеріне жасап қойған шығар. Бірақ айдың соңына дейін нарықта осындай бірнеше ұсыныс пайда болады деп ойлаймын, – деді ол.

Ұлттық банк өкілі азаматтарға жинақты негізінен табыс тауып, шығын жасайтын валютада сақтауды ұсынды.

- Біз жалпы алғанда жинақты теңгемен және шығын жасайтын валютада сақтауға кеңес береміз. Егер адам Қазақстанда тұрып, табысын теңгемен алып, шығынын да теңгемен жасаса, онда теңгелік депозиттер жинақ үшін ыңғайлы құрал деп ойлаймын, – деді Баймағамбетов.

Сонымен қатар оның айтуынша, шетел валютасында қаражат жинау кейбір азаматтар үшін тиімді болуы мүмкін.

- Мысалы, балалары шетелде оқитын адамдар бар. Олар қаражатын шетел валютасында жинауы мүмкін. Сондай-ақ алдағы уақытта валюталық тәуекелі бар ірі шығындарды жоспарлап отырған азаматтар үшін де бұл ыңғайлы болуы мүмкін, – деді ол.

Спикердің айтуынша, валюталық депозиттер бойынша жаңа мүмкіндік банктерге клиенттердің сұранысына қарай өнімдер ұсыну үшін беріліп отыр.

- Бұл нарықтық мәселе. Реттеуші тарапынан банктерге депозит мөлшерлемесін міндетті түрде көтеру туралы талап жоқ. Мұнда сұраныс пен ұсыныс өз орнын табады. Егер сұраныс болса және банктердің қызығушылығы байқалса, тиісті ұсыныстар пайда болады, – деп атап өтті Ұлттық банк өкілі.

Бұған дейін әлеуметтік төлем, жұмыс іздеу және депозиттерге қатысты жаңа ережелер туралы жазған едік.