Ван Гогтың барлық картинасы 40 жылда алғаш рет бір көрмеге қойылады

АСТАНА. KAZINFORM — Нидерландтағы Крёллер-Мюллер музейі өз коллекциясындағы Винсент ван Гогтың 88 картинасын көпшілік назарына ұсынды. Суретшінің барлық туындысы шамамен 40 жылдан бері бір мезетте көрмеге қойылмаған, деп хабарлайды DW .

Фото: DW

Көрмеге қойылған туындылардың қатарында «Картоп жегендер», «Түнгі кафенің террасасы» және «Нюэнендегі ескі мұнара» картиналары бар.

Крёллер-Мюллер музейінде Ван Гог шығармаларының әлемдегі ең ірі коллекцияларының бірі сақтаулы. Алайда суретшінің музей қорындағы барлық туындысын бір уақытта көрмеге шығару өте сирек кездеседі.

Музей өкілдерінің айтуынша, қазіргі экспозиция соңғы бірнеше онжылдықтағы Ван Гог шығармаларының ең ауқымды көрмелерінің біріне айналды.

Суретші өзінің қысқа шығармашылық жолында шамамен 900 картина салған. Винсент ван Гог 1890 жылы 37 жасында қайтыс болды. Ол кеудесіне оқ тиіп, жараланғаннан кейін екі күн өткен соң көз жұмған.

Айта кетейік, «Ван Гог: Біздің барлық картиналарымыз» деп аталатын көрме қаңтарға дейін жалғасады.

Осыдан 4 жыл бұрын ғалымдар Ван Гогтың бұрын белгісіз болған автопортретін тапты. Ол суретшінің Шотландиядағы ұлттық галереясында сақтаулы тұрған «Ақ қалпақтағы шаруа әйел портреті» атты әйгілі картинасының артына қыстырылып қалған екен.