Вануануту арал мемлекетінде екі рет жер сілкініп, су тасқыны болды

Фото: UNICEF PACIFIC
ПОРТ-ВИЛА. ҚазАқпарат - Тынық мұхитындағы Вануату мемлекеті магнитудасы 6,5 және 6,4 балдық екі жер сілкінісі болып, «Джуди» циклоны өткен соң төтенше жағдай жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ВВС News-ке сілтеме жасап.

4-ші санаттағы «Джуди» циклоны үлкен шығын келтіріп, бүкіл елде су тасқынына себеп болды. Зардап шеккендер туралы мәлімет түскен жоқ.

Жергілікті тұрғындар енді тағы бір ірі тропикалық дауыл - «Кевин» циклонына дайындалуда.

130 км/сағ жылдамдықпен соғып, 4-ші санаттағы циклонға айналатын дауыл алдында жүздеген адам Порт-Виладағы эвакуациялық орталықтарға ағылды.

Гуманитарлық ұйым қызметкерлері бұл бұрын-соңды болмаған жағдай деп отыр.

«Вануату табиғи апаттарға үйренген, бірақ менің ойымша, бұл екі циклон қатарынан орын алып отырған бірінші жағдай», - деді ЮНИСЕФ қызметкері Эрик Дюрпер.

Сәрсенбіде «Джуди» циклоны аралдың солтүстігінен оңтүстікке қарай өтіп бара жатқанда шатырларды жұлып, жолдарды су басып, ағаштарды жұлып әкетті. Желдің максималды жылдамдығы 200 км/сағ-қа жетті.

Вануату сияқты Тынық мұхиты елдері соңғы жылдары климаттың өзгеруінен ең көп зардап шекті. Теңіз деңгейінің көтерілуі, мұхиттың қышқылдануы және табиғи апаттардың жиілігі мен ауырлығының артуы бүкіл аймақта қатты сезіледі.