Сотталғандарды әлеуметтік ортаға қайта бейімдеу тетіктерін дамыту жөніндегі ұсыныстарды Ұлттық кәсіби әлеуметтік қызметкерлер альянсының президенті Динара Есімова Варшавада өтіп жатқан ЕҚЫҰ-ның Адами өлшем жөніндегі конференциясының төртінші сессиясында таныстырды.
Есімованың айтуынша, жазасын өтегеннен кейін азаматтар жұмысқа орналасу, отбасылық байланыстарын қалпына келтіру және қоғамға бейімделу кезінде елеулі қиындықтарға тап болады. Сондықтан кәсіби әлеуметтік қолдау адам түзеу мекемесінен босатылған сәтте тоқтамауға тиіс.
— Адам бостандыққа шыққаннан кейін не болады? Формалды түрде ол жазасын өтеп болды. Бірақ оның жұмысы, жақындарының қолдауы, қалыпты өмірге оралу мүмкіндігі бар ма? Сондықтан әлеуметтік жұмыс қылмыстық-атқару жүйесінің ажырамас бөлігіне айналуы керек, — деді Динара Есімова.
Альянстың ұсыныстары Қазақстанның қылмыстық-атқару жүйесін дамыту тұжырымдамасын әзірлеу барысында ескерілген. Қоғамдық бірлестік азаматтың қоғамға толық бейімделуіне дейін қолдау көрсететін білікті мамандар тобын қалыптастыруды жақтайды. Осы мақсатта кәсіби стандарттар әзірленіп, мамандар даярланып, әр азаматтың жеке қажеттіліктеріне сәйкес қолдау бағдарламалары жасалады.
Сарапшының бағалауынша, жүйелі тәсіл құқық бұзушылық статистикасына айтарлықтай ықпал ете алады. Ұзақ мерзімді перспективада альянс әлеуметтік қайта бейімдеу арқылы бас бостандығынан айыру орындарына қайта оралатын адамдардың санын екі есеге жуық қысқартуды көздейді.
Бастамалар аясында түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатқан әйелдерге де ерекше көңіл бөлінеді. Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен альянс «Емдейтін кітаптар» («Книги, которые лечат») жобасын жүзеге асырып жатыр. Жоба кітап терапиясы сабақтары мен өзара қолдау топтарының жұмысын біріктіреді.
Жобаға қатысушылар бірлесіп кітап оқып, оны талқылайды, өз сезімдерімен бөліседі және өмірлік тәжірибесін қайта пайымдауға мүмкіндік алады. Мұндай жұмыс эмоционалдық қолдау көрсетіп, әйелдерді қоғамға оралуға психологиялық тұрғыдан дайындауға көмектеседі.
— Біз оңалту жұмысы бас бостандығынан айыру орындарында басталып, адам бостандыққа шыққаннан кейін де жалғасуы керек деп есептейміз, яғни ол қоғамда өз бетінше тұрақты өмір сүре алатын деңгейге жеткенше қолдау көрсетілуге тиіс, — деп атап өтті альянс басшысы.