Варшавада фанаттар арасындағы жаңа тәртіпсіздіктер: полиция газ қолданды

АСТАНА. 13 маусым. ҚазАқпарат - Варшавада Польша мен Ресей арасындағы матчтың барысында тәртіпсіздіктер қайта жанданды.

Бұзақылар тобы мыңдаған жанкүйерлер ойынды үлкен экран арқылы тамашалап отырған - фан-аймақтың жанында орналасқан полицияға қарсы шабуылдады.

РБК-ның хабарлауынша, поляк құрамасының суреттері бар жеңіл жейде киген бір топ жас полицияларға шабуылдап, оларға шыны бөтелкелерді лақтыра бастаған. Жауап ретінде полиция резеңке оқтар мен көз жасаурататын газды қолданды.

Associated Press агенттігі хабарлағандай, жаңа тәртіпсіздіктер Польша-Ресей матчының алдында болған оқиғалармен тек жанама түрде байланысты. Еске салайық ол кезде поляк радикалдары ресейлік жанкүйерлерге бүкіл қала бойынша шабуылдаған болатын.

Полицияға шабуылдаушылардың бірі журналиске берген сұхбатында атап өткендей, бұзақылардың іс-әрекеті «оларға полицияның ұнамауымен» түсіндіріледі.

Айта кетейік, Польшада соңғы айларда радикалды футбол фанаттары мен жергілікті ұлтшылдардың полициямен қақтығыстары бірнеше мәрте орын алды.