Қазақстан мен Жапония бірлесіп ұйымдастырған бұл көрме алғаш рет 2009 жылы тамыз айында Нью-Йорктегі БҰҰ Бас Ассамблеясының ғимаратында үлкен табыспен өткен болатын.
Көрмеге қойылған фотосуреттер полигондағы ядролық жарылыстардың хронологиясын ғана емес, «қырғиқабақ соғыс» кезеңіндегі ядролық сынақтардың зұлмат салдарлары, «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының алғашқы қадамдары, Қазақстанның жаһандық бастамалары, Семей полигонының жабылуы туралы баяндайды.
1949-1989 жылдар аралығында Семей полигонында жалпы қуаты Хиросимаға лақтырылған атом бомбасынан 2,5 мың есеге артық 468 ядролық жарылыс жасалған. Радиациялық сәулеге шалдыққан қазақстандықтардың саны 1 миллион адамнан асады. Семей полигонының төңірегіндегі экологиялық апат аумағы 300 мың шаршы метрден астам жерді алып жатыр. Қазақстанның осыншалықты аумағы ядролық жарылыстардан зардап шеккен уланған жазыққа айналып отыр. Ғалымдардың есептеуінше, бұл аумақтың радиациядан тазаруына 300 жыл уақыт керек. Ядролық сынақтардың барлық салдарын бастан кешірген Қазақстан міне сондықтан да ядролық арсеналынан өз еркімен бас тартқан ел.