Варшавада Жамбыл облысы Мәдениет күндерінің шеңберінде Абайдың «Қара сөздерінің» тұсаукесері өткізілді және «Айша бибі» спектаклі көрсетілді

ТАРАЗ. 14 маусым. ҚазАқпарат - Польшаның астанасы Варшавада, «Польски Театрында» Абай Құнанбаевтың алғаш рет поляк тіліне аударылған «Қара сөздерінің» тұсаукесері өтті, деп хабарлады Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметінде.

Аударма авторы А. Мицкевич атындағы Познань университетінің әдебиет пәнінің оқытушысы Хенрик Янковскидің айтуынша, оны ұлы қазақ ағартушысы Абай Құнанбаевтың философиялық мұрасын аударумен айналысуға студенттері түрткі болған. Польшалық студенттерді әлемнің көптеген тілдеріне аударылған Абайдың «Қара сөздерін» олардың ана тілінде неге оқуға болмайды деген сұрақ қызықтырды.

Ғалымның мойындауынша, ол орыс және араб тілдеріндегі аудармадан бірқатар келіспеушіліктерді анықтаған және оларды жоюға тырысқан.

Кітапты Grupa BRB Invest басшысы Бақытбек Байсейітовтің демеушілік қолдауымен халықаралық NomadeInvestment LTD компаниясы басып шығарды.

«Польски Театрында», сондай-ақ, қазақ тілінде жамбылдық автор Бақтияр Әбілдаев пьесасының сарынымен «Айша бибі» спектаклінің көрсетілімі болды. Режиссер Әлия Баймаханова және Жамбыл қазақ драма театрының актерлік труппасы көрермендерге Айша бибі мен Қарахан хан махаббатының жарқын тарихы туралы әйгілі сюжеттің қазіргі заманауи оқылуын ұсынды. Польша көрермендері спектакльді үлкен ықыласпен қабылдады.

10 маусымнан 14 маусымға дейін Польша астанасында варшавалықтарды қазақстандықтардың өнері, ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарымен таныстыратын Жамбыл облысының Мәдени күндері өтіп жатқанын еске саламыз. Бұл күндері Жамбыл топырағында жерленген поляк солдаттарының мүрдесі салынған сауытты табыс ету салтанатты рәсімі, облыстық филармония әртістерінің қатысуымен қазақ ұлттық дәстүрлі музыкасының концерті өтті, «Көне Тараз қазынасы» атты көрмесі ұйымдастырылды.