Вашингтон тұрғындары қазақстандық әртістердің шығармашылығын жоғары бағалады

Вашингтон тұрғындары Қазақстан Республикасының АҚШ-тағы Елшілігі мен Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерт ұйымының бастамасымен, қазақстандық «Polymetal International» компаниясының қолдауымен ұйымдастырған «Тұран» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің керемет концертін тамашалады. Мәдени шара барысында шетелдіктер Қазақстанның бай мұрасымен танысуға мүмкіндік алды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Фото: Kazinform

Музыкалық мерекеде Қазақстанның танымал және талантты әртістері өнер көрсетті.

«Тұран» фольклорлық-этнографиялық ансамблі классикалық және фольклорлық жанрды қамтитын «Bridge of Times» («Заман көпірі») атты жаңа бағдарламасында қазақтың дәстүрлі халық аспаптарында әсем әуендер орындады.

Еуразия жүрегіне музыкалық саяхат барысында «Ұлы Тұран – Мәңгілік», «Шабыт», «Аққу», «Ортеке» (ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік материалдық емес мәдени мұра тізіміне енгізілген), «Айттым сәлем, Қаламқас», «Қазақ жері», «Қара жорға», «Көроғлы», «Ер Тұран» (Түркі әлемінің әнұраны) шығармалары орындалды.

Опера әншілері Әйгерім Алтынбек (сопрано, беделді жүлделер иегері, Италиядағы Арриго Бойто атындағы мемлекеттік консерваторияның аспиранты), Расул Жармағамбетов (баритон, халықаралық байқаулардың белгілі лауреаты, Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының солисі), өнерлі концертмейстер Дина Мирманова (талантты пианист, халықаралық байқаулардың лауреаты) «Figaro Cavatina», «Ecco: Respiro Appena. Io Son L'umile Ancella», «THE DUO HANNA AND DANILO», «Bridge of Times», «Қыпшақтар әнұраны» және тағы басқа шығармаларды көпшілік назарына ұсынды.

Қазақстан Республикасының АҚШ-тағы Елшісі Ержан Ашықбаев шара қонақтарын, дипломатиялық корпус және қазақ диаспорасын құттықтап, бұл кеш – Қазақстан мен АҚШ-тың, оның ішінде мәдени алмасу саласындағы табысты және нәтижелі ынтымақтастығын айғақтайтынын атап өтті.

Концертте көпшілік назарына қазақтың қонақжайлылығы мен достығын паш ететін классикалық және халықтық музыканың алуан түрлі бағдарламасы ұсынылды. Отандық солистер жергілікті Вашингтон тұрғындарының Қазақстан өнері мен ұлттық мәдениетіне үлкен қызығушылығын атап өтті.

Қазақ диаспорасының өкілі Дана Доменованың баяндауынша, ол Қазақстанда туған, бірақ көптен бері АҚШ-та тұрып жатыр. Отанымен байланысты сақтап қалуға мүмкіндік беретін бұл шара ол үшін өте маңызды. Дананың айтуынша, Қазақстан туралы мақалалар оқып немесе деректі фильмдер де көруге болады, бірақ бұл мүлдем басқа, қазақтың шынайы мәдени мұрасын танытатын концертке жеке қатысуы өзгеше әсер сыйлайды.

Американың жергілікті тұрғыны Скотт Патнод бұған дейін Қазақстанға келуге мүмкіндік алғанын айтады. Скотт Вашингтонда тұратын қазақтар мен Қазақстанда тұрып, жұмыс істеген америкалықтардың арасында достары көп екенін атап өтті.

«Мен Қазақстанды жақсы көремін – бұл керемет ел. Оның дәстүрлі және классикалық музыкасы жүректерді жылытады», - деп мойындады Скотт.

Лорен Стробл мен Бриджид О'Доннелл – «FLEX» («Future Leaders Exchange») жоғары сынып оқушыларына арналған американдық білім алмасу бағдарламасы бойынша Қазақстанда (Алматы қ.) бір оқу жылында (2022-2023) білім алған мектеп оқушылары. Лореннің айтуынша, бұл бағдарлама екі ел арасындағы байланысты нығайтуға көмектеседі. Оның Алматыда достары көп, жақын арада елімізге бір айға келуді жоспарлап отыр.

"Қазақстан – өте қонақжай ел, мұнда ұлттық тағамдар – ет, бауырсақ, палау ұнады", - деген Лорен тамаша концерт, әдемі ұлттық киімдерді, сондай-ақ қазақтың музыкалық аспаптары – домбыра мен қобыздың тамаша үнін атап өтті. Лорен Қазақстанда жүргенде домбыра тартуды үйренген.

Бриджид те білім алу үшін Қазақстанды таңдады, себебі ол біздің елімізді әлемдегі ең қызықты елдердің бірі деп санайды. Мемлекетіміздің бірегейлігі қазақтың әдемі мәдениетін тудырған түркі және ислам әлемінің, моңғол және кеңес дәуірінің ықпалымен байланысты. Бриджид өзінің үлкен тәжірибе жинақтағанын және басқаларға біздің елге, соның ішінде оқушылармен алмасу бағдарламасы арқылы келуге кеңес беретінін айтты. Бриджит орыс және қазақ тілдерін оқуды жалғастыру жоспарымен бөлісіп, болашақта халықаралық бизнесте жұмыс істегісі, оның ішінде елімізбен және жалпы аймақпен экономикалық қарым-қатынасты дамытқысы келетінін жеткізді.

Қазақстандық әртістер АҚШ-қа сапары аясында Аризона штатының Феникс қаласында Қазақстан мен Аризона Ұлттық гвардиясы арасындағы ынтымақтастыққа 30 жыл толуының құрметіне «Штаттар серіктестігі бағдарламасы» (State Partnership Program, SPP) аясында концерт өткізді.