Вашингтон турнирі: Бейбіт Жұқаев іріктеу сайысының финалына шықты
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық, әлемнің 216-ракеткасы Бейбіт Жұқаев Вашингтон (АҚШ) ATP 500 турнирінің іріктеу сайысын сәтті бастады.
Қазақстандық теннисші биыл алғаш рет Уимблдон жарысында өнер көрсетіп, соның нәтижесінде ATP рейтингісінде 247-ден 216-сатыға көтерілген еді.
Бұл жолы Вашингтонда іріктеу сайысының жартылай финалында әлемнің 164-ракеткасы, америкалық Джеймс Маккейбпен ойнады.
Бірінші партияда тай-брейкте корт иесі табандылық танытты – 7:6 (7:3).
Бұдан кейін Бейбіт камбэк жасай білді – 6:2, 6:2.
Екі сағат 15 минутқа созылған тартысты бәсекеде Жұқаев 21 эйс жасап, 7 брейк-пойнттың төртеуін мүлт жіберген жоқ. Маккейб 16 эйспен көзге түсті.
Бейбіт Жұқаев іріктеу сайысының финалында әлемнің 324-ракеткасы, италиялық Андреа Вавассори немесе рейтингіде 379-сатыдағы тағы бір америкалық Альфредо Перестің қай жеңгенімен кездеседі. Соңғы бәсекеде қарсыласын ұтса, негізгі жарысқа жолдама алады.
Осылайша, қазақстандық теннисші АҚШ-тағы додалар сериясын сәтті бастады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Бейбіт Жұқаевтың Уимблдон төрінде өнер көрсеткеніне қуанышты екендігі жөнінде айтқанын жазған едік.