АСТАНА. KAZINFORM — Вашингтон қаласында (АҚШ) 21-27 шілде аралығында хард төсенішінде өтетін WTA 500 турнирінің жеребесі тартылды.
Қазақстанның бірінші, әлемнің 13-інші, осы жарыстың 3-ракеткасы Елена Рыбакина доданы екінші айналымнан бастайды.
Қазақстандық теннисші әлемнің 42-ракеткасы, ресейлік Анастасия Потапова немесе рейтингіде 86-орындағы канадалық Виктория Мбоконың қай жеңгенімен кездеседі.
Тағы бір қазақстандық, әлемнің 43-ракеткасы Юлия Путинцева алғашқы айналымда «Үлкен дулыға» турнирлерінің бес дүркін чемпионы, қазіргі кезде рейтингіде 49-сатыдағы жапониялық Наоми Осакамен шеберлік байқасады.
Ерлер арасында әлемнің 216-ракеткасы Бейбіт Жұқаев бүгін Вашингтонда іріктеу сайысының финалында рейтингіде 324-орындағы италиялық Андреа Вавассорипен кортқа шығады. Бейбіт италиялық теннисшіні ұтса, негізгі жарыста бақ сынайды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Вашингтон турнирінде Бейбіт Жұқаевтың іріктеу сайысының финалына шыққанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).