АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина жұптық сында ұлыбританиялық Эмма Радуканумен бірге Вашингтон (АҚШ) WTA 500 турнирінің жартылай финалына жолдама алды.
Қазақстандық-ұлыбританиялық жұп ширек финалда мексикалық Джулиана Олмос – индонезиялық Алдила Сутджиадимен кездесті.
Рыбакина – Радукану 7:6 (8:6), 6:4 есебімен басымдылық танытты.
Бір сағат 35 минутқа созылған бәсекеде екеуі 5 эйспен бірге 8 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды. Мексикалық-индонезиялық дуэт 4 брейкпен (7 брейк-пойнт) ерекшеленді.
Елена Рыбакина – Эмма Радукану финалға шығу үшін қытайлық Чжан Шуай – америкалық Тэйлор Таунсендпен таласады.
Сонымен қатар Е.Рыбакинаның жекелей сында ширек финалдағы қарсыласы анықталды. Әлемнің 24-ракеткасы, Польша өкілі Магдалена Френх 45 жастағы америкалық Винус Уильямсті 6:2, 6:2 есебімен ұтты.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Вашингтон турнирінің ширек финалына өткенін жазған едік.
Сондай-ақ Зарина Дияс Португалиядағы турнирдің ширек финалына жолдама алды.
Александр Бублик Аустриядағы жарыстың жартылай финалына шықты.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).