«Freedom 250 Grand Prix» жарысы ұзындығы 1,7 миль болатын жеті бұрылысты трассада 147 айналымнан тұрды. Жалпы қашықтық 250 мильді құрады. Маршрут Капитолий мен Вашингтон монументі секілді ел астанасының танымал нысандарының маңымен өтті.
Жарыс алдында Вашингтонда қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, қала орталығындағы бірнеше көше мен квартал жабылды. АҚШ президенті Дональд Трамп жасыл жалаумен жарысты бастап берді. Ал мәреге көлік қозғалысы министрі Шон Даффи жалаулы белгі арқылы жол ашты.
Жарысқа дейін Дональд Трамп президенттік броньды көлікпен трассада құрмет шеңберін жасап, көпшілік назарына түсті.
Жарыста Флорида штатының тумасы Кайл Кирквуд жеңіске жетті. Ол «Andretti Global» командасының атынан өнер көрсетіп, чемпионат көшбасшысы Алекс Палоуны Ұлттық мұрағат маңында басып озды. Кирквуд жарыс соңына дейін көшбасшылығын сақтап қалды.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, шараға шамамен 140 мың адам келген. Жарыс Вашингтонды танытып, қала экономикасын дамытуға ықпал ететін ірі шара ретінде ұсынылды.
Айта кетейік, Конгресс бастапқыда Капитолийді айналып өтетін маршрутты мақұлдамаған. Кейін Дональд Трамптың жарлығымен жарыс бағыты өзгертілді.
Жарыстың демеушілері қатарында «Boeing», «Starlink», «Delta», «Amazon» және «Shell» компаниялары бар. Олардың кейбірінің АҚШ федералдық үкіметімен байланысты ірі коммерциялық мүдделері бар.
Бұл — Дональд Трамптың АҚШ-тың 250 жылдығына арналған мерейтойлық шаралары аясындағы екінші ірі спорттық іс-шарасы. Бұған дейін Ақ үй аумағында UFC жекпе-жегі ұйымдастырылған.
Айта кетелік Ақ үйдің алдында UFC турнирі аренасының құрылысы басталғаны туралы жазған едік.