Вашингтонда Барак Обаманы ұлықтау рәсімі өтеді
08:24, 20 Қаңтар 2009
ВАШИНГТОН. Қаңтардың 20-сы. ҚазАқпарат – Бүгін АҚШ елордасында елдің 44-ші президенті демократ Барак Обаманы салтанатты ұлықтау рәсімі өтеді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат РИА «Новости» агенттігіне сілтеме жасап.Обаманың өз қызметіне кірісу рәсімі вашингтон уақыты бойынша сағат 12.00-де (мәскеу уақыты бойынша 20.00) басталады. Обама президенттік ант қабылдағаннан кейін елдің жаңа басшысы атанады. Ал елдің қорғаныс министрі Роберт Гейтс бұл салтанатты рәсімге қатыса алмайды және ол бұл кезде қауіпсіз жерде және әскери күзеттің бақылауында отырады. Пентагон басшысына қызметіне кіріскелі отырған елдің жаңа президенті лаңкестік әрекеттің немесе табиғи апат салдарынан қаза бола қалған жағдайда әкімшіліктің «резервтік» басшысы болу міндеті жүктеледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат РБК агенттігіне сілтеме жасап.Ақ үйдің баспасөз хатшысы Дана Перино ханымның хабарлауынша, Роберт Гейтс, қызметінен кетіп бара жатқан әкімшіліктің өкімі бойынша, рәсім кезінде апатты жағдай орын ала қалған күнде «ел басшылығының сабақтастығын» қамтамасыз ету мақсатында инаугурациялық рәсімге қатыспайды. Бұл міндет дәстүр бойынша АҚШ президенті қызметіне кірісетін күндері үкімет мүшелерінің біріне жүктеледі.