Вашингтонда Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылу мәселесі бойынша техникалық консультация өтті

None
АСТАНА. Қыркүйектің 13-і. ҚазАқпарат - Қазақстанның экономикалық даму және сауда вице-министрі Тимур Сүлейменов бастаған қазақстандық делегация Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылу мәселесі бойынша Вашингтонда өткен екіжақты келіссөзге қатысты. Бұл туралы Қазақстанның АҚШ-тағы елшілігінен хабарлады.

Қыркүйектің 7-сі мен 10-ы аралығында өткен бұл сапарды американдық тарап Қазақстанның Мемлекет басшысы Н.Назарбаев пен АҚШ Президенті Б. Обаманың арасында ағымдағы жылы сәуірдің 11-індегі кездесудің барысында қол жеткізілген Қазақстанның ДСҰ-ға қосылуы бойынша келіссөз үдерісін аяқтау жөніндегі күш-жігерді еселеу туралы келісімдердің жүзеге асырылуы ретінде қарастырды.

Келіссөз барысында бірқатар мәселелер, оның ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің сауда-саттығы, мемлекеттің бақылауындағы кәсіпорындардың жұмысын үйлестіру мәселелері талқыланды, сондай-ақ екіжақты келіссөздерді аяқтау жөніндегі алдағы жұмыстардың кестесі келісілді. Тараптар сонымен бірге, Қазақстан, Ресей және Беларусь елдерінің Кеден одағы аясында жаңа сауда-экономикалық режимнің қабылдануымен байланысты мәселелерді және оның Қазақстанның ДСҰ-ға қосылуы жөніндегі келіссөз үдерісіне әсер ету жағдайын талқылады.