Вашингтонда Рамазан айына ресми мәртебе берілді

Фото: Анадолы

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ-та Рамазан мен Құрбан айт мерекелерін ресми түрде мойындаған алғашқы штат — Вашингтон — енді мұсылмандар үшін қасиетті Рамазан айын да ресми түрде таныды. Бұл туралы штат губернаторы Боб Фергюсон америкалық X әлеуметтік желісіндегі парақшасында мәлімдеді, деп жазды Анадолы агенттігі.

Губернатордың айтуынша, штатта тұратын мұсылмандар қоғамның ажырамас бөлігі, себебі олар білім беру, денсаулық сақтау, экономика, технология, өнер және азаматтық қоғам салаларының дамуына елеулі үлес қосып келеді.

Фергюсон Рамазан айының бүкіл әлемдегі миллиондаған мұсылман үшін қасиетті кезең екенін атап өтті. Бұл айда мұсылмандар ораза ұстап, құлшылық жасап, қайырымдылықпен айналысып, ынтымақ-бірлікті нығайтады. Оның сөзінше, бұл амалдар жомарттық, өзін-өзі тәрбиелеу, шүкіршілік және әлеуметтік жауапкершілік сияқты құндылықтарды күшейтеді.

Губернатор сондай-ақ Вашингтон штатының Рамазан мен Құрбан айт мерекелерін ресми түрде мойындаған алғашқы штат екенін еске салды.

— Рамазан айын ораза және дұғамен қарсы алып жатқан Вашингтон штатындағы мыңдаған мұсылмандарды құттықтаймын. Вашингтон штаты мұсылман қауымдастықтарын қолдайды, — деп жазды ол.

Губернатор Рамазан айына ресми мәртебе беретінін хабарлады.  

— Мен, Вашингтон штатының губернаторы Боб Фергюсон, ай күнтізбесіне сәйкес жаңа айдың тууымен басталатын 2026 жылғы 18 ақпан мен 19 наурыз аралығын Рамазан айы деп ресми түрде жариялаймын, — деп мәлімдеді.

Ал Түркиядағы Рамазан жарық, жомарттық әрі көне дәстүрлер айы деп саналады.