Вашингтонда Транскаспий форумы өтті

АСТАНА. KAZINFORM - АҚШ астанасы Вашингтонда «Орта дәліз бетбұрыс кезеңінде» тақырыбымен Trans-Caspian Forum 2026 форумы өтті.

Фото: Рүстем Қожыбаев/Kazinform

Іс-шараны Каспий саясаты орталығы (Caspian Policy Center) Ұлттық баспасөз клубында ұйымдастырды.

Форумға Каспий өңірі елдері мен АҚШ саясаткерлері, мемлекеттік қызметкерлері, дипломаттары және сарапшылары қатысты.

Жиын барысында өңірдің даму перспективалары, Каспий маңы елдерінің ынтымақтастығының келесі кезеңі, Орта дәліздің болашағы, цифрлық егемендік, жасанды интеллект және стратегиялық маңызы бар пайдалы қазбалар мәселелері талқыланды.

Каспий саясаты орталығының бас атқарушы директоры Эфган Нифти құттықтау сөзінде ұйымның құрылғанына 10 жыл толғанын атап өтті.

Оның айтуынша, орталықтың негізгі мақсаты — қарқынды өзгеріп жатқан Каспий өңіріне тәуелсіз талдау жүргізу.

Эфган Нифти соңғы жылдардағы маңызды өзгерістердің бірі ретінде Орта дәліздің рөлінің күшеюін атады. Ол бұл бағыттың Еуразияны әлемдік нарықтармен байланыстыратын ең тиімді көлік дәліздерінің біріне айналғанын айтты.

Нифтидің пікірінше, өңірлік ықпалдастықтың нығайғанын көрсететін маңызды оқиғалардың бірі — 2025 жылғы 16 қарашада Әзербайжанның Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Консультативтік кездесулеріне толыққанды қатысушы ретінде қосылуы. Соның нәтижесінде «С6» форматы қалыптасты.

— Энергетикалық саясат, экономикалық дәліздер мен қауіпсіздік мәселелері Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказды барған сайын біртұтас стратегиялық кеңістікке айналдырып жатқаны кеңінен мойындала бастады, — деді Эфган Нифти.

Фото: Рүстем Қожыбаев/Kazinform

Сарапшы сондай-ақ өткен жылдың қарашасында Вашингтонда өткен «С5 1» саммитін және АҚШ-тың Орта дәлізді дамытудағы рөлін атап өтті.

— АҚШ өңірге тек екіжақты қатынастар тұрғысынан емес, біртұтас стратегиялық серіктестік ретінде қарайтынын көрсетті. Саммитке бизнестің белсенді қатысуы саяси мәлімдемелерге нақты экономикалық мазмұн берді. Бұл түрлі салалардағы ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін ашты, — деді Эфган Нифти.

Бейбітшілік кеңесінің аға кеңесшісі Арье Лайтстоун Әзербайжан мен Армения арасындағы бейбіт келісімге қол қойылғаннан кейін Орта дәлізге қызығушылықтың артқанын айтты.

Оның сөзінше, Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойындағы көлік, энергетика, мұнай-газ және цифрлық инфрақұрылым жобаларына инвестиция салуға ниетті тараптар көбейіп келеді.

Форумда жасанды интеллект дәуіріндегі өңірдің жаңа рөліне де ерекше назар аударылды.

Арье Лайтстоунның пікірінше, өңір елдері энергетикалық әлеуетін тек шикізат экспорттау үшін емес, цифрлық экономиканы дамыту мақсатында да пайдалана алады. Бұл мемлекеттер деректерді өңдеу орталықтары мен жасанды интеллект инфрақұрылымын орналастыратын маңызды алаңға айналуға қабілетті.

— Әлем жаһандық байланыстарға барған сайын тәуелді болып келеді. Сондықтан өңірлік ықпалдастық таңдау емес, энергетикалық қауіпсіздіктің маңызды шартына айналды, — деді Арье Лайтстоун.

Ол АҚШ қолдауымен стратегиялық инфрақұрылым нысандарын жүйелі түрде дамыту аймаққа елеулі геосаяси және экономикалық пайда әкелуі мүмкін екенін атап өтті.

— Біз «С5 1», «С6» және «B5 1» платформалары арқылы жеке секторды жұмылдыру жұмыстарын жалғастырамыз. Бұл алаңдар америкалық және өңірлік компанияларды бір мақсатқа біріктіріп, АҚШ-тың инновациялық капиталының нақты жобаларға бағытталуына мүмкіндік береді, — деді Арье Лайтстоун.

Фото: Рүстем Қожыбаев/Kazinform

АҚШ Мемлекеттік департаментінің Бейбітшілік миссиялары жөніндегі арнайы өкіл кеңсесінің директоры Виней Чавла Орта дәліз тек көлік бағыты ғана емес, өзара байланысқан инфрақұрылымдық жүйеге айналуы қажет екенін айтты.

Оның сөзінше, бұл бағыт басқа халықаралық дәліздерге балама ретінде қарастырылмайды.

— Бұл өзге дәліздердің орнын басатын жоба емес. Біздің мақсатымыз — энергетикалық ресурстардың қолжетімділігін арттырып, мүмкіндігінше кең нарықты қамту, — деді Виней Чавла.

Ол Вашингтонның өңір арқылы тауарлар, энергия ресурстары мен инвестициялардың қозғалысын жеделдетуге мүдделі екенін атап өтті.

— АҚШ үкіметінің негізгі мақсаты — Шығыс пен Батыс арасындағы байланысты нығайту, — деді ол.

Спикер инфрақұрылымның техникалық үйлесімділігіне ерекше мән беріліп отырғанын жеткізді.

Бұл ретте теміржол тасымалының бірыңғай стандарттары, вагон осьтеріне түсетін жүктеме, тоннельдердің техникалық параметрлері және бірнеше мемлекет аумағы арқылы жүктердің кедергісіз өтуіне қажетті өзге де инженерлік талаптар туралы сөз болды.

— Біз нақты операциялық жұмыстарға басымдық беріп отырмыз және өңірдегі компаниялармен ынтымақтастық орнатуға дайынбыз, — деді Виней Чавла.

Фото: Рүстем Қожыбаев/Kazinform

АҚШ сенаторы Стив Дэйнс Орталық Азия мен Каспий өңірін Вашингтонның сыртқы саясатындағы басым бағыттардың бірі деп атады.

Оның айтуынша, бұл ұстаным әсіресе қазіргі АҚШ әкімшілігі тұсында айқын көрініс тауып отыр.

Сенатор 2024 жылы Орталық Азияның барлық бес мемлекетінде болғанын, ал 2025 жылы Армения мен Әзербайжанға сапар жасағанын айтты.

Оның сөзінше, өңір елдері АҚШ-пен ынтымақтастықты кеңейтуге ерекше қызығушылық танытып отыр.

— Орталық Азиядағы бес мемлекеттің де басшыларымен кездестім. Біз бірден ортақ тіл таптық. Мемлекет басшыларымен жүздесу кезінде көрген жылы қарым-қатынасты сөзбен жеткізу қиын. Олардың ұстанымы, көзқарасы, үндеуі мен қонақжайлығы мені таңғалдырды. Сондай-ақ олардың құндылықтары АҚШ ұстанымдарымен үндесетінін байқадым. Бес елдің де басшылары Америка Құрама Штаттарымен қарым-қатынасты тереңдетуге шынайы мүдделі екенін көрсетті, — деді Стив Дэйнс.

Сенатордың айтуынша, 2025 жылдан бастап АҚШ-тың өңірге қатысты саясаты жаңа кезеңге қадам басты және ол кезең ұзақмерзімді әріптестік пен стратегиялық инвестицияларға негізделген.

Оның сөзінше, негізгі назар көлік дәліздерін дамытуға, энергетикаға, телекоммуникация саласына, цифрлық технологияларға және стратегиялық маңызы бар пайдалы қазбаларды игеруге аударылып отыр.

Стив Дэйнс ендігі міндет нақты нәтижеге бағытталған ынтымақтастықты күшейтіп, кедергі келтіретін факторларды жою екенін атап өтті.

— Орталық Азия елдері мен Әзербайжан ұзақ уақыт бойы ескірген «Джексон-Вэник» түзетуінің ықпалында қалып келді. Біз Өкілдер палатасы және Сенатпен екі партияның қолдауына сүйене отырып, қырғи-қабақ соғыс кезеңінен қалған осы шектеуді жою бағытында жұмыс жүргізіп жатырмыз. Америка өңірдегі өзгерістерді жүзеге асыру үшін қажетті ұзақмерзімді инвестицияларды сала алады деп сенемін, — деді сенатор.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанның АҚШ-қа тікелей әуе рейстерін ашуға бір қадам жақындағаны туралы жаздық.