Қазақстан АҚШ-қа тікелей әуе рейстерін ашуға бір қадам жақындады

АСТАНА.KAZINFORM — Кеше Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне машина жасау және көлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын мақұлдады. Бұл туралы Көлік министрлігі мәлім етті.

Қазақстан АҚШ-қа тікелей әуе рейстерін ашуға бір қадам жақындады
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Құжат «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді.

Түзетулер азаматтық авиацияны реттеудің ұлттық жүйесін одан әрі жетілдіру және Қазақстан Республикасының заңнамасын халықаралық авиациялық стандарттар мен ұсынылатын практикаға сәйкес келтіру мақсатында әзірленді.

— Бұл өзгерістердің АҚШ-тың Федералдық авиациялық әкімшілігі (FAA) өткізетін Ұшу қауіпсіздігін халықаралық бағалаудан (International Aviation Safety Assessment, IASA) өтуге Қазақстанның дайындығы шеңберінде маңызы зор, — делінген ведомствоның хабарлмасында.

Қабылданған түзетулерді іске асыру ұшу қауіпсіздігін қадағалау жөніндегі мемлекеттік жүйені нығайтуға мүмкіндік береді, сондай-ақ Мемлекет басшысының Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей әуе қатынасын ашу жөніндегі тапсырмаларын іске асыруға ықпал болады.

Айта кетейік, армениялық әуе компаниясы Қазақстанға жаңа рейс ашты.