Вашингтонда жүргізілген операция кезінде жүздеген адам ұсталды

Фото: Видеодан скрин

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ астанасы Вашингтонда 7 тамызда басталған қауіпсіздік шаралары аясында 465 адам тұтқындалды, деп хабарлайды Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Ливит.

Кэролайн Ливиттің айтуынша, президент Дональд Трамптың қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған әрекеттері нәтижесін беріп жатыр.

Оның мәліметінше, тек өткен түннің өзінде 52 адам ұсталған, олардың арасында MS-13 қылмыстық тобының мүшесі, заңсыз иммигрант бар.

Ол бұрын мас күйде көлік жүргізу мен есірткі сақтағаны үшін сотталған.

Сондай-ақ, баспасөз хатшысы Вашингтонда түрлі агенттіктердің бірлескен күшімен үйсіз адамдардың 48 шатырлы лагері тазартылғанын хабарлады.

Бұдан бұрын хабарланғандай, АҚШ президенті Дональд Трамп қаладағы қылмыспен күресуге уәде беріп, үйсіз-күйсіз адамдар Вашингтоннан кетуі керек екенін жеткізді.

АҚШ-та қаңтар айынан бері мыңдаған адам «өз еркімен депортациялану» бағдарламасы бойынша елдеріне қайтқаны белгілі болды.