Вашингтондағы Украина саммиті: қандай нәтижелерге қол жеткізілді

АСТАНА. KAZINFORM – Вашингтонда өткен Украинаға қатысты Дональд Трамппен кездесуге еуропалық көшбасшылар риза. АҚШ президенті бұл кездесуден кейін Путин мен Зеленский арасындағы саммитке дайындықтың басталғанын жариялады, деп жазды DW.

Фото: The White House

АҚШ президенті Дональд Трамп дүйсенбі күні Вашингтонда өткен Украина президенті Владимир Зеленскиймен, НАТО Бас хатшысы Марк Рютте және еуропалық көшбасшылармен кездесуін «өте жемісті» деп бағалады. Саммит қорытындысы бойынша Трамп Владимир Зеленский мен Ресей президенті Владимир Путин арасындағы келіссөздерге дайындықтың басталғанын мәлімдеді.

Өз кезегінде, еуропалық көшбасшылар мен Украина президенті Киевке қауіпсіздік кепілдіктерін ұсынуға АҚШ-тың дайын екенін мәлімдегеніне қанағаттанды.

Трамп: Украинаға қауіпсіздік кепілдіктері туралы

Ақ үйдегі келіссөздерден кейін Дональд Трамп Украинаға қауіпсіздік кепілдіктері туралы сөз болғанын, олар «АҚШ-пен үйлестіре отырып, еуропалық елдер тарапынан ұсынылатынын» айтты.

АҚШ көшбасшысы Truth Social желісіндегі жазбасында АҚШ вице-президенті Джеймс Ди Вэнс, мемлекеттік хатшы Марко Рубио және арнайы өкіл Стивен Уиткофф Путин мен Зеленский арасындағы кездесуді дайындайтынын хабарлады. Бұл кездесу кейінірек нақты бір жерде өтеді. Одан кейін Трамптың өзі де қатысатын үшжақты келіссөзі өтеді.

Мерц саммит қорытындысы туралы

Германия канцлері Фридрих Мерц Вашингтондағы саммиттен күткен нәтижелері «тек ақталып қана қоймай, асып түсті» деп мәлімдеді. Пресс-конференцияда ол Путин мен Зеленский арасындағы кездесу алдағы екі апта ішінде өтуі тиіс екенін айтты.

Мерц саммиттің төрт негізгі хабарламасын атап өтті, олардың ішінде — АҚШ-тың қауіпсіздік кепілдіктерін беруге және бұл процесті еуропалықтармен үйлестіруге дайын екендігі.

Украинаның аумақтық шегіністері мәселесі

Киевтің аумақтық шегіністеріне қатысты сұраққа жауап берген Германия канцлері Украинаның Донбастан бас тартуы ауқымы жағынан АҚШ-тың Флоридадан бас тартуымен тең болатынын айтты.

— Егемен мемлекет мұндай шешімді жай ғана қабылдай алмайды. Бұл — украиндардың өзара келіссөздер барысында өздері шешетін мәселе, — деді Мерц.

Сондай-ақ ол еуропалық көшбасшылардың Трамп және Зеленскиймен кездесуінде Украинаның Ресейге аумақ беруі туралы мәселе көтерілмегенін нақтылады.

Сонымен қатар Германия үкіметінің басшысы 19 тамызда «қолдау көрсетуге ниетті елдер коалициясы» құрамындағы 30 елдің қатысуымен Украинаға қолдау көрсету мәселесіне қатысты видеоконференция өтетінін хабарлады. Сол күні Вашингтон саммитінің нәтижелерін талқылау үшін ЕО Кеңесінің кезектен тыс отырысы да өтеді.

Зеленский: «Путинмен келіссөздерге шартсыз дайынмын»

Владимир Зеленский соғыстан кейінгі Украина қауіпсіздігіне АҚШ кепілдік беруге дайын екенін Трамптың жариялауын «үлкен алға басу» деп атады. Оның айтуынша, бұл кепілдіктердің нақты тетіктері 10 күн ішінде жасалады.

Киев, атап айтқанда, осы кепілдіктер аясында АҚШ-тан экономиканы қолдау мен қару-жарақ сатып алуға арналған қаржылық көмек алуға мүдделі екенін атап өтті.

Зеленский сондай-ақ Владимир Путинмен жеке кездесуге дайын екенін және бейбіт келіссөздер үшін атысты тоқтату талабын қоймайтынын айтты.

Сонымен бірге ол Трамптың Ресеймен «бәріне бәрін» қағидасы бойынша тұтқындар алмасуын ұйымдастыруға көмектесуге дайын екенін хабарлады. Бұл алмасуға әскери тұтқындармен қатар бейбіт тұрғындар, журналистер мен саяси тұтқындар да қатысады.

Аумақтарға қатысты мәселеге келгенде, Зеленский бұл сынды күрделі тақырыптар үшжақты — Путин, Трамп және өзі қатысатын келіссөздерде қаралатынын айтты.

Ал Ақ үйдегі кездесуде келіссөз қалай өткенін мына сілтемеден оқыңыз.