Вашингтондағы тәртіпсіздікке қатысып ұсталғандардың саны 200-ден асты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Вашингтонда АҚШ-тың 45-ші президенті Дональд Трампты ұлықтау рәсіміне байланысты тәртіпсіздіктер жалғасуда, полиция кемінде 217 адамды тұтқындады, деп жазады lenta.ru Reuters агенттігіне сілтеме жасап.

Осы оқиғаның салдарынан 6 полиция қызметкері жарақат алды.

Ұсталған азаматтар түні бойы қамауда отырады, келесі күні олар соттың алдында жауап береді.

Ұсталған азаматтардың басым бөлігі Трамптың лауазымына кірісуіне байланысты салтанатты шара өтіп жатқан Пенсильвания-авенюдің бірнеше орамында тұтқынға алынды. Бүкіл қала бойынша қарсылық танытушылар топ-тобымен «Трамп президент емес», «Нәсілшілдерге жол жоқ» деген мағынадағы ұрандарын көтеріп шығып жатыр.

Тәртіпсіздіктер ұлықтау рәсімі барысында басталды. Трамптың биілігіне қарсылар полициямен қақтығыса бастады. Беттерін арнайы маскалармен және орамалдармен тұмшалап алған шамамен 500-ге жуық адам Вашингтонның орталығынан өтті. Олар жол-жөнекей дүкендер мен жол жиегінде тұрған көліктердің терезелерін қиратып жатыр.