«Көңіл-күйім жақсы. Ертеңнен бастап жаттығуға кірісемін. Ел чемпионатына қатыспаймын. Өзіндік себебім бар. Соңғы Әлем чемпионатында екінші айқастан кейін қолымды сындырып алғандықтан, жараны жазу керек. Бүгінге дейін оңалту курсынан өтіп, жуық арада толыққанды жаттығуға кірісемін», - дейді боксшы.
Левит сондай-ақ, Иван Дычконың кәсіпқой боксқа кеткеніне қатысты отандасына жеңіс тілейтінін жеткізді.
«Иван жарады. Оны құттықтағым келеді. Екі кездесуді мерзімінен бұрын аяқтады. Оған алдағы уақытта да жеңіске жете беруін тілер едім. Айқастарында Отанымыздың айбынын асырып, қазақстандық бокстың кереметтілігін таныта берер деген сенімдемін», - дейді Олимпиаданың күміс жүлдегері.
Әуесқой бокста қалғаныңызға өкінбейсіз бе деген сұраққа Левит «Мен тұрақтымын» деп жымиып қана жауап берді.
«Халық чемпионы» атанған боксшыға сонымен бірге, «Қазақстанның бокс әлемінде держава екенін қашан сезіндіңіз?» деген сұрақ қойылды.
«Бала кезімнен бастап боксқа араласа бастағалы біз чемпиондарымызға қарап бой түзедік. Аға буын боксшыларға әрқашан құрметкен қарадық. Головкин мен Альварестің қайта кездесуіне қатысты не деймін?.. Ол кездесудің болатыны немесе болмайтыны туралы ештеңе айта алмаймын. Жанкүйер ретінде бұл айқас болып жатса зор ықыласымды, қуанышымды білдірер едім. Әлбетте, Головкинге жанкүйер боламыз», - дейді чемпион.
Боксшы сондай-ақ, өзі қатысқан соңғы Әлем чемпионатында жолын кескен кубалық Эрисланди Савонға қатысты пікір білдірді.
«Әлем чемпионатында кубалық Эрисланди Савонмен өткен жекпе-жегіңізді қайта көрдім. «Қандай шешімге келдіңіз?» десеңіз, менің қателіктерім болды. Демек, әлі де жұмыстар жасау керек. Дайындықты бастаймыз. Мықтырақ бола түсуге тырысамыз», - дейді Левит.
Еске сала кетсек, бүгін қазақ боксына 84 жыл толуына орай ҚР Бокс федерациясы Астанадағы «Керуен» сауда ойын-сауық орталығында ірі шара өткізіп, гүрзі жұдырықты әрі «жұлдызды» боксшыларды жанкүйерлерімен кездестірген болатын.