Ватикан келіссөздерге Зеленский мен Путинді шақырды

Фото: Фото: pixabay.com

АСТАНА. KAZINFORM — Украина Сыртқы істер министрі Андрей Сибига Брюссельде өткен кездесуде Киев Владимир Зеленский мен Владимир Путиннің тікелей байланысына мүдделі екенін растады, деп хабарлайды Euronews.

— Мемлекет басшылары деңгейінде мүмкін болатын байланыстарды ұйымдастыру туралы ұсыныстар Ватикан тарапынан жасалғанын растай аламын, — деді Сибига Euronews-ке берген сұхбатында.

Ол Украина мұндай кездесуді өткізуге ықтимал орындарды қарастыруға дайын екенін жеткізді.

Украиналық дипломатия басшысының айтуынша, президент Зеленский Дональд Трамппен кездесуді де қарастырып жатыр. Бұған дейін АҚШ-тың президенті бір күнде Зеленскиймен де, Путинмен де телефон арқылы сөйлескен болатын. Ресей басшысымен екі сағатқа созылған әңгімеден кейін Трамп әлеуметтік желідегі парақшасында Мәскеу мен Киев жедел түрде келіссөздерге кірісетінін мәлімдеп, кездесуді ұйымдастыруға Ватикан мен Рим папасы мүдделі екенін жазды.

Ол: «Процесс басталсын!» — деп түйіндеді.

Өткен демалыс күндері Ватиканда жаңа понтификтің таққа отыру рәсімі өтті. Месса кезінде жаңа Папа Украина мен Ресей арасындағы қақтығысқа алаңдаушылық білдірді.

Жаңа Рим папасы туралы Kazinform материалынан оқи аласыз.