Ватиканда Конклавтағы дауыс берудің екінші күні басталды
АСТАНА. KAZINFORM – 8 мамыр күні таңертең Ватикандағы Сикстин капелласында Католик шіркеуінің жаңа басшысын сайлау үшін Конклавтағы дауыс берудің екінші күні басталды, деп хабарлайды Анадолы ақпарат агенттігі.
Католиктердің рухани жетекшісі және Ватикан мемлекетінің басшысы Рим Папасы Франциск қайтыс болғаннан кейін әлем 1,4 млрд ізбасары бар Рим-католик шіркеуінің келесі басшысы кім болатынын бақылап отыр. 267-ші Рим Папасын анықтайтын Конклавта дауыс беру құқығын 80 жасқа дейінгі 133 кардинал иеленіп отыр.
Католик шіркеуінің 133 кардиналы Сикстин капелласына жергілікті уақыт бойынша сағат 09:15-те кірді, олар жаңа Папаны сайлау кезінде сыртқы әлеммен байланыссыз қалды.
Бейсенбіде кардиналдар Рим папасы сайланғанға дейін төрт рет дауыс береді: екі рет таңертең және екі рет түстен кейін. Капелла үстіндегі мұржадан ақ түтіннің пайда болуы жаңа Папаның сайланғанын білдіреді. Сикстин капелласының мұржасынан қара түтін көтерілсе, бұл понтифик лауазымына үміткерлердің ешқайсысы қажетті дауыс санын жинай алмағанын білдіреді.
Еске сала кетсек, 7 мамырда дауыс берудің бірінші күні өтті, онда католик шіркеуінің жаңа басшысын жарияламады.