Ватиканда Рим Папасы Лев XIV-тің инаугурациялық месса рәсімі өтті

Фото: Фото: ansa.it

АСТАНА. KAZINFORM — Католик әлемінің назары Ватиканда өтіп жатқан Рим Папасы Лев XIV-тің салтанатты инаугурациялық месса рәсіміне ауып отыр, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Салтанат шара Әулие Петр алаңында өтіп жатыр. Рәсім басталар алдында жаңа понтифик ашық көлікте (папамобильде) алаңды айналып өтіп, жиналған халықты қарсы алды. Ватикан билігінің болжамы бойынша, алаңға шамамен 250 мың адам жиналған.

Жаңа электрлі папамобиль

Жаңа Папа көлігін Германияның Mercedes концерні арнайы дайындаған. Mercedes-Benz G580 EQ электр үлгісі негізінде жасалған папамобиль Ватиканның ерекше талаптарына бейімделіп жасалған.

Фото: ansa.it

Папа Лев XIV Әулие Петр алаңын толықтай жүріп өтіп, сенушілер оны қошеметімен қарсы алды. Ол бірнеше рет тоқтап, жаңа туған сәбилерді батасын беріп үлгерді.

Фото: ansa.it

Виа делла Кончилиационе мен собор алдындағы салтанат

Кейін папамобиль Виа делла Кончилиационе көшесіне шықты. Бұл көше де мыңдаған адамға толды. Понтифик көшені соңына дейін жүріп өтіп, кейін кері бұрылып, Әулие Петр соборына бет алды.

Фото: ansa.it

Папалық билік рәміздерін қабылдау

Рәсім барысында Рим Папасы Лев XIV папалық биліктің екі негізгі рәмізін — «балықшының жүзігін» және паллиийді (крестпен кестеленген жүннен жасалған лента) қабылдап, ресми түрде өз қызметіне кірісті.

Халықаралық қатысушылар

Салтанатты шараны шетелдік жоғары лауазымды қонақтар тамашалады. Олардың қатарында — АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс және Еуропа комиссиясының төрайымы Урсула фон дер Ляйен бар.

Фото: ansa.it

Рим уақытымен сағат 15:30-да үшжақты кездесу өтеді — Вэнс, фон дер Ляйен және Италия премьер-министрі Джорджа Мелони халықаралық күн тәртібі мен АҚШ-ЕО қатынастары жайын талқылайды.

Бұған дейін Рим Папасы Лев XIV балалық шағы өткен Чикагодағы үй $250 мыңға аукционға шығарылғаны анықталды.