Вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязовтың соты 21 желтоқсанда басталады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Mudarabah Capital қаржы пирамидасына қатысты вайнерлердің ісі бойынша сот отырысы қашан өтетіні белгілі болды. Бұл туралы қалалық соттың баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Видеодан алынған кадр

«Алғашқы сот отырысы Алмалы ауданының қылмыстық істер жөніндегі сотында 21 желтоқсан күні сағат 15:00-де өтеді»,- делінген ведомство таратқан хабарламада.

Айта кетейік, 12 желтоқсанда қаржы пирамидасын құрды деп айыпталған танымал вайнерлердің ісі сотқа жолданған болатын.

Қаржы пирамидасы ісі бойынша А. Ораз пен А. Саидбаевқа халықаралық іздеу жарияланған.

Қадағалау органының мәліметінше, қылмыстық істің негізінде 41 жылжымайтын мүлікке, 3 автокөлікке, 9 банк шотына және 16 компанияның жарғылық капиталындағы әртүрлі үлестерге тыйым салынды.

Еске салайық, Алматы қалалық полиция департаментінің тергеу басқармасы танымал вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязовқа ҚР Қылмыстық кодексінің 217-бабы 3-бөлігі бойынша айып тақты.

Кейіннен Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов ұсталған болатын.


Ашық көздерден алынған фото