«Біршама өңірлерде ауруды жұқтыру саны көбейіп отыр, бұл тікелей карантиндік талаптардың орындалмауына байланысты. Мемлекет басшысының тапсырмасына орай өңірлер санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың орындалуын бақылауды ұйымдастырып, оларды орындамаған азаматтарға, мекемелерге, өндіріс объектілері мен кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты тиісті шаралар қабылдауы керек», - деді Е. Тоғжанов.
Осыған орай, өңірлердің әкімдіктері мен мемлекеттік органдарға: еңбек ұжымдарында әлеуметтік қарым-қатынастың деңгейін барынша төмендету;
жұмыс күні барысында бетперде тағу және уақтылы ауыстыруды бақылауда ұстауды ұйымдастыру; әлеуметтік ара қашықтықты сақтау мүмкіндігін жасау; қоғамдық көлікке жолаушылардың тек арнайы отыру орындарына сәйкес және міндетті түрде маскасы бар болған жағдайда ғана мінуін қамтамасыз ету; қорғаныс, ішкі істер қызметкерлерінің қатысуымен қоғамдық және өндіріс орындарын, мекемелер мен объектілерді дезинфекциялау шараларын күшейту тапсырылды.
Берілген тапсырмалардың орындалуы Үкімет тарапынан тұрақты бақылауға алынады.