Велосипед спортынан Астанадағы UCI Әлем чемпионатына 32 елдің спортшылары қатысады

АСТАНА. ҚазАқпарат - 19 - 23 тамыз аралығында Астанадағы «Сарыарқа» велотрегінде велосипед спортынан жасөспірімдер арасындағы UCI Әлем чемпионатына 32 елден 200-ден астам спортшы қатысады. Бұл туралы бүгін елордада өткен баспасөз мәслихатында мәлім болды.

Атап айтқанда, әлемдік біріншілікте 19 медаль жиынтығы сарапқа салынып, оның тоғызы қыздар арасындағы жарыстарға арналып отыр. Жасөспірімдер 1 мың метрлік гит, кейрин, спринт, командалық спринт, командалық қуғындау жарысы, жекелей жарыс, топтық жарыс секілді додаларда бақтарын сынап көреді. Белгілі болғандай, Қазақстан құрамасының намысын Вадим Онищук, Эдуард Розенберг, Тимур Қуат, Ислам Усманов, Максим Налетов, Асылхан Тұрар, Владимир Цой, Сергей Шатовкин, сондай-ақ қыздар арасында Жанерке Санақбаева, Валерия Тихова, Надежда Генелева, Дарья Гончарова және басқа спортшылар қорғайтын болады. Жасөспірімдер арасындағы тректе велосипед спортынан әлем чемпионатының директоры Нилс Каннегитердің сөзіне қарағанда, «Сарыарқа» велотрегінде әлемдік додаларды өткізу үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған. Осы орайда ол алдағы уақытта да айтулы жарыстарды ұйымдастыру бағытында Астананың спорттық нысандары ескерілетінін атап өтті.