76 күнге созылған саяхаты барысында ол 19 қаланы аралап, елдің табиғатымен және әр өңірдің тыныс-тіршілігімен танысты. Велосаяхатшы бүгін Jibek Joly телеарнасының «Бүгін.LIVE» бағдарламасына қонақ болды.
Бүрлен Әділетқызының айтуынша, оның алғашқы сапары Үрімшіден Алматыға дейінгі бағытты қамтыған. Сол кезде ол тарихи Отанына қоныс аударған. Ал биылғы сапарында Қазақстанның өңірлерін аралап, туған жерінің табиғатын жақынырақ таныған. Оның сөзінше, екі саяхаттың мақсаты да, әсері де өзгеше болған.
— Бұрыннан велосипедпен ұзақ сапарға шығып жүрген адамдарды жиі көретінмін. Бір күні «Қартайғанда жастық шағымды еске алсам, қандай естеліктерім болады?» деген ой келді. Сол сәттен бастап ерекше әсер мен ұмытылмас естелік үшін саяхатқа шығуды ұйғардым. Алғашқы сапарымда Отаныма алғаш рет қоныс аударып келген едім. Екінші сапарымда туған жердің елдің әр өңірін аралап, жақынырақ таныдым, — деді ол.
Бүрлен Әділетқызы сапарын сәуір айында бастап, екі айдан астам уақыт жолда болған. Осы уақыт ішінде ол 19 қаланы аралап үлгірген.
— Маршрутты жоспарлағанда қай қаладан бастайтынымды бірден шеше алмадым. Тек сапардың соңғы нүктесі Астана болатынын анық білдім. Бір айға жуық ойланып, жолды Ақтаудан бастауды жөн көрдім. Осылайша елдің барлық өңірін қамтуға мүмкіндік туды. Бағытым Батыстан — Оңтүстікке, Оңтүстіктен — Шығысқа, одан Солтүстікке, кейін елдің орталығына қарай жалғасты, — деді саяхатшы.
Оның айтуынша, Қазақстанның әр өңірі өзінше ерекше. Алайда Маңғыстау даласы оған қатты ұнаған екен.
— Маңғыстаудың табиғаты ерекше әсер етті. Шөлейтті даласының өзіндік сұлулығы бар, жолдары да өте жақсы. Атырау халқының қонақжайлығы тәнті етті. Ал Орал қаласының бай тарихы қызықтырды. Осы тұста Батыс пен Оңтүстік өңір тұрғындарына ерекше алғыс айтқым келеді. Олар мені жылы қарсы алып, қолдан келген көмегін аямады, — деді Бүрлен Әділетқызы.
Саяхатшы қазақ халқының қонақжайлығына ерекше риза болғанын айтты. Оның сөзінше, Оңтүстік өңір тұрғындары Шығыс Қазақстанға жеткенге дейінгі аялдайтын орындарын алдын ала ұйымдастырып берген.
— Күн сайын шамамен 30 шақты адам тоқтап, жағдайымды сұрап, көмек ұсынатын. Бұл маған үлкен күш-жігер берді. Әлеуметтік желідегі оқырмандарым да үйіне қонаққа шақырып, жол бойында қолдау көрсетті. Күнделікті таңғы сағат 4-тен кешкі 9–10-ға дейін жолда болдым. Мақсатым — бір күнде келесі елді мекенге немесе өңірге жету. Сондықтан түнді далада өткізген емеспін, — деді ол.
Ұзаққа созылған сапар барысында Бүрлен Әділетқызына жолдан кездестірген марғауы серік болды. Ол мысығына «Орал» деген атау берген.
— Орал қаласы сапарымдағы үшінші аялдама болды. Сол жерде жолдан бір мысықты кездестірдім. Жалғыз жүргендіктен оны өзіме серік санап, «Орал» деп атадым. Оның тағы бір символдық мәні бар. Мен де тарихи Отаныма қайта оралған жанмын. Сондықтан бұл атауды ерекше ырымдап қойдым, — деді Бүрлен Әділетқызы.
Бүрлен Әділетқызы сапардағы ең үлкен қиындық физикалық жүктеме болғанын айтты. Велосаяхатты сәуір айында бастағандықтан, көктемгі салқын желдің әсерінен тізесі ауырған. Өскемен қаласына жеткенде ем қабылдап, кейін жолын жалғастырған екен.
Айта кетейік, «Бүгін.LIVE» бағдарламасында BaiQymyz-2026 фестивалінің жеңімпазы Әлия Қабдулина да қонақ болды.