Велоспорт: «Джиро д'Италия» көпкүндігіндегі «Астана» командасының бас үміті Кройцигер 7-ші орында келеді

АСТАНА. 20 мамыр. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Жазық трассаның шебері велошабандоз Марк Кавендиш «Джиро д'Италия» көпкүндігінің 12-кезеңінде көмбеге бірінші келді.

«НТС-Хайроуд» командасының велошабандозы супер веложарыста осымен екінші рет жеңіске жетті. 184 шақырымнан кезең Кастельфидардо мен Равенна қалалары арасында, жазық трассада өткен болатын. Командасының өте сауатты тактикасының арқасында ағылшындық спортшы 4:17.25 уақытымен мәрені бірінші болып кесті. Ал көмбеге бірер шақырым жақындап қалған пелотонның жартысы құлап қалды. Сондықтан турдың ұйымдастырушылары пелотондағылардың келген уақытын жеңімпаздың уақытымен теңестірді. Осылайша жалпы есептегі көрсеткіштер өзгеріссіз қалды

Испандық велошабандоз Альберто Контадор «Джиро д'Италия» көпкүндігінің қызғылт жейдесін өзінде сақтап қалды.

Джиро д'Италия суперкөпкүндік 21 кезеңнен тұрады.

Бас классификация бойынша бірінші орында Контадор (Испания, Саксобанк) тұр - 44:55.16.

Контадордан 1 мин 41 секундқа қалып келе жатқан «Астана» командасының бас үміті Роман Кройцигер (Чехия) әзірше 7-орында.