Венада адам саудасының проблемалары бойынша конференция болып өтті

А-БРЮССЕЛЬ. Қыркүйектің 22-сі. ҚазАқпарат /Ержан Оспанов/ - Өткен аптада ҚР Сыртқы істер министрлігінің айрықша тапсырмалар жөніндегі елшісі Мәдина Жарбосынова басқарған қазақстандық делегация «Қазіргі құлдықтың алдын алу» деген тақырыпта адам саудасына қарсы тоғызыншы Альянстың басшылығымен жоғарғы деңгейдегі ЕҚЫҰ Конференциясына қатысты,

деп хабарлайды ҚР-ның ЕҚЫҰ жанындағы Тұрақты өкілдігі.

Іс-шараға ЕҚЫҰ барлық қатысушы-мемлекеттерінің, Жерорта теңізі әріптестігінің және халықаралық ұйымдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және тәуелсіз сарапшылар қатысты. Қазақстаннан Конференцияға Ішкі істер министрлігінің, Астанадағы ЕҚЫҰ орталығының және «Сана Сезім» үкіметтік емес ұйымының өкілдері атсалысты.

Ашылу салтанатында ЕҚЫҰ Тұрақты кеңесінің төрағасы Грекияның өкілі Мара Маринаки, ЕҚЫҰ Бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбо, ЕҚЫҰ арнайы өкілі және адам саудасына қарсы күрес жөніндегі үйлестірушісі Ева Биоде сөз сөйледі. Конференцияға қатысушыларды бейнекөрсету арқылы АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон құттықтады.

Форумға қатысушылар адам саудасына қарсы күрес бойынша жалпы проблемаларды, оның жаңа нысандары мен түрлерін, осы саладағы ұлттық баяндамашылар мен БҰҰ баяндамашыларының рөлін, аңду және қаржылық тасқынның алдын алу мәселелерін, адам саудасына жаһандық экономикалық дағдарыстың әсерін, осы проблемамен күресте бұқаралық ақпарат құралдарының рөлін және ЕҚЫҰ қатысушы-мемлекеттерінің тәжірибелерін талқылады.


Қазақстандық делегация үгіт пойыздарын іске қоса отырып «Адам саудасының құрбаны болма!» деп аталатын кең көлемді республикалық акцияны Қазақстанның дағдарыс орталығымен және АҚШ Елшілігімен бірлесіп, ағымдағы жылы ҚР ІІМ өткізгені туралы бейнероликті көрсетті.


Конференция жабылуында ҚР Сыртқы істер министрлігінің айрықша тапсырмалар жөніндегі елшісі М.Жарбосынова сөз сөйлеп, адам саудасына қарсы қолданылатын шаралар және оған байланысты қылмыстардың алдын алу бойынша ҚР Үкіметінің қолға алып отырған іс-шаралары туралы баяндады.