Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады.
ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасының арнаулы елшісі, Сыртқы істер министрнің орынбасары Константин Жигалов жиналған қауымның алдында сөз сөйледі. Онда арнаулы елші ЕҚЫҰ-ның қатысушы-мемлекеттеріне және атқарушы құрылымдарына төрағалық жылы барысында Қазақстанға көрсеткен қолдаулары, сондай-ақ Ұйымның Астанадағы Саммитіне белсенді қатысып, табысты өткізгендіктері үшін ризашылығын білдірді.
Бұдан бөлек, кеш барысында салтанатты жағдайда Қазақстан Президенті Н. Назарбаевтың атынан ЕҚЫҰ Бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбоға «Достық» ордені табыс етілді.
Ұйымның Бас хатшысы өзінің жауап сөзінде, Қазақстанды ЕҚЫҰ-ға жемісті әрі нағыз тарихи төрағалық жасауымен құттықтады және өзіне табыс етілген награданың Астана Саммиттін өткізу мен оны ЕҚЫҰ үшін үлкен жетістік ету барысына атсалысқандардың барлығына арналғанын айтты.
Кеш қонақтарына Қазақстан өнер шеберлерінің концерттік бағдарламасы ұсынылып, онда «Керулен» фольклорлық ансамблінің, әртістер Эльмира Жаңабергенованың, Айгүл Үлкенбаеваның, Нұржан Жанпейісовтың, Гүлзира Бөкейханның, Әнел Нұрсейітованың, Медет Шотабаевтың, Жұлдыз Түтебаеваның, Аида Аюпованың орындауында халық әндері, қазақ және еуропа авторларының классикалық туындылары шарықтап шырқалды.