Венецияға келгенің үшін ақы төле: Ғашықтар қаласында жаңа салық енгізіледі

ВЕНЕЦИЯ. ҚазАқпарат - Кемеден түскің келсе, ақша төле - Венецияда туристерге жаңа салық түрі әзірленіп жатыр. Tassa di sbarco - тікелей аударғанда кемеден түскені үшін төленетін ақы дегенді білдіреді, бірақ бұл салықты тек кеме ғана емес, пойыз, автокөлік, тіпті ұшақпен ұшып келген жолаушылар да төлеуге тиіс, деп хабарлайды ҚазАқпарат euronews.com агенттігіне сілтеме жасап.

Бұл алым-салық 2019 жылдан бастап енгізіледі деп күтілуде. Ол муниципалитеттің өз бетінше қосымша қаржы тартуына мүмкіндік береді.

Жаңа салық қазіргі қонақ үй алымының орнын басады, осылайша Венецияда қонақ үйді қажет етпейтін туристер де ақы төлейтін болады.

Салық көлемі - әр қонақ үшін 2,5 еуродан 5 еуроға дейін, оның сомасы маусымға қарай өзгеріп отыруы ықтимал. Венеция билігі жобаның әлі өңделіп жатқанын атап өтті. Олардың есептеуінше, tassa di sbarco салығы қазынаға жылына 50 млн еуроға дейін табыс әкеледі.