Бұл туралы Associated Press хабарлап отыр.
Полицейлердің мәліметінше, күдіктілердің ізіне түсуге қаза болған келіншектің бейнекамерасы көмектескен. Қолды болған камера қарақшылардың бірінің үйінен табылған көрінеді.
Қамауға алынғандардың арасында Борсық Данило (El Gordo Danilo) деген лақап атымен таныс 32 жастағы жергілікті банданың көшбасшысы да бар. Полицияның болжамына қарағанда, бұрынғы «Венесуэла аруы» мен оның күйеуін өлтіруге 11 адамның қатысы бар. Солардың төртеуін әзірге ұстау мүмкін болмай отыр, оларға іздеу жарияланған. Сондай-ақ, полиция әзірге ару мен оның күйеуі өлтірілген қаруды да таба алмай жатыр.
Айта кетейік, 29 жастағы Венесуэла аруы - Моника Спир (Monica Spear) мен оның 39 жастағы күйеуі Генри Берри (Henry Berry) 6 қаңтар күні Пуэрто-Кабельо мен Валенсия аралығындағы тасжолда болған тонау барысында өлтірілген. Жұбайлар мен олардың 5 жасар қызы мінген автокөлік қылмыскерлер алдын ала жолға тастаған тікенекті темірді баса өткен кезде доңғалақтары жарылып, тоқтаған. Сол кезде қанды қолдар ойларын іске асырыпты. Әке-шешесінің өліміне куә болған кішкентай қыз бала аяғынан жараланып, аман қалған.
Қылмыс орын алысымен полиция 5 адамды ұстаған болатын, алайда олардың қылмысқа қатысы дәлелденбей, босатылды.
Айта кету керек, Венесуэла аруы мен күйеуінің өлімі елде үлкен толқу туғызды. Халық биліктің күн санап көтеріліп келе жатқан қылмыс деңгейін ауыздықтауға қауқары жетпей отырғанын сынға алуда.