Венесуэла президенті Трамппен не туралы әңгімелескенін айтты
АСТАНА.KAZINFORM — Венесуэла президенті Николас Мадуро өткен айдың соңында АҚШ-тың Кариб теңізіндегі әскери күштерінің күшеюі кезінде Ақ үй басшысы Дональд Трамппен телефон арқылы сөйлескенін растады, деп хабарлайды Al Jazeera.
— Алты жыл атқарған Сыртқы істер министрі қызметінде мен дипломатиялық сақтыққа үйрендім. Кейінірек қолбасшымыз Чавестің тәлімгері ретінде сыртқы істер министрі қызметінде тәжірибе жинаған мен президент лауазымында сақтықты бұрынғыдан бетер қатты бағалайтын болдым, — деді Мадуро.
Бұл ретте ол Венесуэланың бұрынғы президенті Уго Чавесті меңзеген еді. Чавестің кезінде Мадуро Сыртқы істер министрі болған.
Мадуро бұл қоңыраудың өзара құрметке негізделген диалогқа деген қадам болатынына қуанатынын және өз елінің тек бейбітшілікке ұмтылатынын жеткізді.
-Маған микрофонмен жүзеге асырылатын дипломатия ұнамайды. Маңызды мәселені түбегейлі шешпейінше, тыныштық сақтаған дұрыс, — деп мәлімдеді Венесуэла көшбасшысы.
Мадуро Трамппен болған әңгіме туралы енді айта бермейтінін және өзінің тек «ақыл» мен құрметті дұрыс көретінін жеткізді.
Жексенбіде Трамп Вашингтон мен Каракас арасындағы соңғы жылдардағы ең күрделі дипломатиялық дағдарыс кезінде Венесуэла көшбасшысымен телефон арқылы сөйлескенін айтты.
— Мен онымен қысқаша сөйлестім, оған бірнеше нәрсе айттым, не болатынын көреміз, — деді Трамп Ақ үйде өткен баспасөз мәслихатында.
Қараша айының басында Трамп әкімшілігінің есірткі картельдеріне қарсы науқаны аясында АҚШ-тың ұшақ тасымалдаушы кемелері Кариб теңізіне келді.
АҚШ президенті Дональд Трамп та Венесуэлада құрлықта әскери операция болу мүмкіндігін жоққа шығармады.
Бұған дейін Трамп Венесуэла президентімен келіссөз жүргізуі мүмкін екенін хабарлаған едік.