Венесуэлада оппозиция атынан президент сайлауына түскен үміткер Испаниядан баспана сұрады

АСТАНА. KAZINFORM – Президент сайлауында Николас Мадураның қарсыласы болған 75 жастағы Эдмундо Гонсалес Испания әскери ұшағымен Мадридке кетіп бара жатыр.

Фото: Adriana Núñez Rabascall (VOA) / Wikimedia

Бұл туралы Испания Сыртқы істер министрі Хосе Мануэль Альбарес мәлім етті. Гонсалестің адвокаты бұл ақпаратты растады, деп жазады BBC.

Бұған дейін Венесуэла вице-президенті Делси Родригес Х әлеуметтік желісінде Гонсалестің Испаниядан саяси баспана сұрағанын жазған болатын. Ол Внесуэла билігінің елдегі «тыныштық пен саяси ауызбіршілік үшін» оппозиция басшысына кедергі келтірмегенін хабарлады.

Венесуэлада президент сайлауы 28 шілде күні өтті. Ел билігі дауыс берудің нәтижелерін бүге-шігесіне дейін жарияламастан іс басындағы мемлекет басшысы Николас Мадуроны жеңімпаз деп тапты.

Оппозиция дауыстардың кең көлемде бұрмаланғаны туралы мәлімдеме жасап, көшеде баскөтерулер басталды. Жаппай тәртіпсіздік салдарынан 27 адам мерт болып, 2 мың адам тұтқындалды. Тұтқындау туралы ордер кейінгі уақытта полициядан бой тасалап жүрген біріккен оппозиция атынан сайлауға түскен кандидатқа да берілді.