Венгрия үкіметі улы қалдықтардың Дунай өзеніне құйылуынан сақтанып отыр

АСТАНА. Қазанның 7-сі. ҚазАқпарат - Венгрия үкіметі қазіргі сәтте улы қызыл шлам Батыс Еуропаның басты өзен арнасы болып табылатын Дунайға құйылып кетпеуі үшін қолдан келгеннің барлығын жасап бағуда, деп хабарлайды "Россия 24″ телеарнасы.

Егер мұндай келеңсіздік орын алатын болса, экологиялық апат бірден бірнеше көрші мемлекеттерге қауіп төндіруі мүмкін. Хорватия, Сербия, Болгария, Румыния, Молдавия және Украина осындай қауіп аймағында тұр.

Венгрия үкіметі көмек сұрап Еуроодаққа бірнеше рет жүгінді. Мемлекет мұндай ауқымды техногендік апатпен алғаш рет бетпе бет келіп отыр. Бірнеше тонна улы қалдықтарды жою үшін бір жыл уақыт қажет. Әрі бұған бірнеше ондаған миллион еуро жұмсалмақшы. Содан кейін аймақтың экологиясын қалпына келтіруге де қыруар қаржы керек болады.