Венгрияда Астанаға арналған Қазақстан күндері өтті

None
АСТАНА. Шілденің 8-і. ҚазАқпарат - Орталық Венгрияда орналасқан, елдің демократиялық жүйеге ауысуына көп септігін тигізген тарихи оқиғалардың орны - Лакителек қаласында Астанаға арналған Қазақстан күндері аталып өтілді. Елшілік қызметкерлері қатысқан мерекелік шара аясында, қазақтың ұлттық тағамдары дайындалып, «Астана - арман қала» атты тақырыптық көрме ұйымдастырылды, деп хабарлады Қазақстанның Венгриядағы елшілігінің баспасөз қызметі.

Аталмыш шараға, Венгрия Республикасы Мемлекеттік жиналысы төрағасының орынбасары Ш.Лежак, Еуропарламент депутаты Й.Сайер, «Конрад Аденауэр» атындағы қордың директоры, ГФР Бірігу жөніндегі бұрынғы министрі Х.Кайзер және жергілікті қоғамдық топтар өкілдері мен Лакителекте орналасқан «Халықтық университеттің» 200-дей студенті қатысты.

Қазақстан мен Венгрия арасында қалыптасқан дәстүрлі достық қатынастарға тоқтала отырып, Ш.Лежак Астананың XXI ғасырдың заманауи қаласына айналғанын және Орталық Азияның көшбасшысы ретінде танылатынын мәлімдеді. Сондай-ақ төраға орынбасары, еліміздегі экономикалық реформалар мен жетістіктерден хабардар екенін білдіре келе, Ұлт көшбасшысы, ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Астананы қалыптастырудағы ерен еңбегін жоғары бағалады.

Кездесу шеңберінде, тыңдармандар мен журналистер қауымы, Қазақстанның халықаралық деңгейдегі бастамалары («Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі», «Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері» және т.б.), «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасының орындалу барысы, еліміздің Кедендік одақ және ШЫҰ-дағы іс-қимылдары, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы перспективалары мен алға қойған мақсаттарымен танысты.

Мерекелік шара аясында ҚР Президентінің «Қазақстандық жол» атты Елшілік тарапынан венгр тіліне аударылған кітабы таратылып, Астанаға арналған тақырыптық фильм көрсетілді.