Венгрияда босқындар бойынша референдум өтіп жатыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Венгрия азаматтары сайлау учаскелеріне бет алды: елде босқындар туралы референдум өтіп жатыр, деп хабарлады euronews.com.

Жалпыхалықтық дауыс беруге қатысушылар «Парламенттің келісімінсіз Венгрияға адам көшіру туралы Еуроодақтың шешім қабылдауына рұқсат етесіздер ме?» деген сұраққа жауап беруі тиіс.

Өткен жылы Еурокомиссия Еуроодақтың барлық 28 еліне Италия мен Грекияға заңсыз келген босқындарды 160 мыңнан бөліп қабылдау туралы квота енгізуді ұсынды. Бірақ, көптеген елдер бұл бағдарламаны орындаудан бас тартты. Венгриядан бөлек, Польша, Чехия және Словакия міндетті квота жүйесіне қарсы шықты.

Егер халықтың 50% қатысса, венгерлік референдум өтті деп саналады. Әлеуметтік сауалнамаларға сүйенсек, халықтың 70% міндетті квотаға қарсы дауыс беруге дайын.

Плебисциттің ешқандай заңдық күші болмайды, алайда Будапешт Лиссабон шартына көші-қонды реттейтін ережелерді алып тастау туралы өзгерістер енгізуді талап етуі мүмкін.