АСТАНА. KAZINFORM - Мажарстан астанасы Будапешт қаласында халықаралық турнирде грек-рим күресінен Қазақстан құрамасы жалпы командалық есепте екінші орын алды.
Халықаралық турнирде әлемнің 25 мемлекетінен 188 спортшы бақ сынады. Ел құрамасынан Марлан Мұқашев
(55 келі) күміс жүлдегер атанса, Ержет Жарылқасын (63 келі) және Әлімхан Сыздықов (130 келі) үздік үштіктен көрінді.
Халықаралық турнирде әйелдер күресінен Жәмила Бақбергенова (72 келі) күміс алса, Нилуфар Раимова (57 келі), Эльмира Сыздықова (76 келі) мен еркін күрестен Асылжан Есенгелді (61 келі) қола алған еді.
Айта кетсек, қазақстандық төрешілер 2025 жылғы күрес түрлері бойынша әлем чемпионатында қызмет атқарады.
Біріккен күрес әлемі (UWW) жариялаған 2025 жылы Хорватияның Загреб қаласында өтетін әлем чемпионатында қызмет атқаратын төрешілер қатарында Игорь Лигай мен Ерік Жұмабеков бар.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.