Венгриядағы университетте «Қазақстан жолы және Н.Ә.Назарбаев» кафедрасы ашылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Венгрияда 28 сәуір күні Қазақстан делегациясының қатысуымен Секешфехервар қаласындағы Янош Кодолани атындағы қолданбалы ғылымдар университетінде «Қазақстан жолы және Н.Ә.Назарбаев» құрметті кафедрасының салтанатты ашылу рәсімі болып өтті.

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметінен хабарлады.

Аталмыш жобаны венгр тарапы ҚР Тұңғыш Президенті кітапханасының және ҚР Венгриядағы Елшілігінің қолдауымен әрі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика университетімен бірлесе отырып жүзеге асырды.

Рәсімде сөз алған ҚР Президенті Кеңсесінің бастығы Махмұт Қасымбеков, ҚР Венгриядағы Елшісі Нұрбах Рүстемов, Секешфехервар қаласының мэрі Андраш Чер-Полкович, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика университетінің ректоры Серік Пірәлиев және Я.Кодолани атындағы қолданбалы ғылымдар университетінің ректоры Петер Сабо Венгрияның жетекші университеттерінің бірінің қабырғасында осындай ғылыми-білім беру орталығының ашылуы студенттер мен оқытушыларға қазіргі Қазақстан, оның ерекшелігі мен даму келешегі, қазақ халқының тарихы мен мәдениеті, Президент Н.Ә.Назарбаевтың қызметі туралы көбірек білуіне, сондай-ақ бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларына қосымша серпін беретіндігін атап өтті.

Қазақстан тарапы университеттің кітапханасына сый ретінде Қазақстан туралы үлкен кітаптар кешенін тарту етті.

Рәсімнің соңында Я.Кодолани атындағы қолданбалы ғылымдар университетінің, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика университетінің, ҚР Тұңғыш Президенті кітапханасының және ҚР Венгриядағы Елшілігінің арасында төрт жақты меморандумға қол қойылды.