— Бұдан былай сатушы IMEI-кодты сатып алушыға төлем жасалғанға дейін көрсетуге міндетті болады. Бұл өзгерістер заңсыз әкелінген құрылғылардың айналымын азайтып, азаматтарды алаяқтардан қорғауға бағытталған, — деді спикер.
Маманның сөзінше, бұл өзгерістер тұтынушылардың жиі көтеретін мәселесінің бірін шешуге бағытталып отыр.
— Бұған дейін азаматтар верификациядан өтпеген смартфон сатып алып, кейін оның заңдастырылмағанын білген жағдай көп болатын. Кейде сот органдары бұл жауапкершілікті тұтынушының өзіне жүктейтін. Енді олай болмайды. Егер тұтынушының құқығы бұзылса, ол біздің департаментке жүгіне алады, — деді Еркебұлан Тағашов.
Заңнамадағы өзгерістерге сәйкес, верификациядан өтпеген телефон енді тиісті емес сападағы тауар ретінде танылады. Сондықтан сатып алушы мұндай құрылғыны ауыстыруды, кемшілігін жоюды, шығынын өтеуді немесе сатып алу-сату шартын бұзып, ақшасын қайтаруды талап ете алады. Бұл құқықтар «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңның 15-бабында көзделген.
Тиісті өзгерістер «Сауда қызметін реттеу туралы» заңға енгізілді.
Айта кетейік, жыл басынан бері департаментке түскен өтініштер бойынша тұтынушыларға 306 миллион теңгеден астам қаражат қайтарылған.
Сонымен қатар елде ұялы телефондарды сатудың жаңа тәртібі енгізілгені туралы жазған едік.