«Ветеринария» мамандығындағы студенттердің стипендиясы өсуі мүмкін

Фото: Pexels

АСТАНА. KAZINFORM — Елде ветеринарларды 11 жоғары оқу орны даярлап жатыр. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин мәлім етті.

— Бүгінде «Ветеринария» бағыты бойынша кадрлар даярлауды 11 жоғары оқу орны жүзеге асырады, оның ішінде үшеуі Ауыл шаруашылығы министрлігінің жүйесінде. Олар 2025 жылға бөлінген 1001 (77,5%) грант алды. Бұл ретте, өту балы жалпы конкурс бойынша — 62 балды, ауылдық квота бойынша 56 балды құрады, — деді А. Бердалин Сенатта ветеринариялық қызмет тақырыбын талқылауға арналған Үкімет сағатында.

Ауыл шаруашылығы мен Ғылым және жоғары білім министрліктері мынадай міндеттерді шешу бойынша жұмыс тобын құрды:

— «Ветеринария» бағыты бойынша студенттерге стипендияны педагогикалық бағыттағы студенттер деңгейіне дейін ұлғайту және ветеринария мамандарын даярлайтын жоғары оқу орындарына түсу үшін Ұлттық бірыңғай тестілеу балдарының шегін біртіндеп көбейту;
— ауылдық квотаны 30%-дан 70% (-) ға дейін арттыру;
— ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер жіберетін нысаналы гранттардың үлесін ұлғайту;
— мемлекеттік тапсырысты орналастыруды тиісті материалдық базасы, заманауи жабдықтары және ғылыми-педагогикалық кадрлары бар жоғары оқу орындарында ғана жүзеге асыру;
— бір жыл оқу мерзімімен 3 жыл ішінде мемлекеттік тапсырыс негізінде бейінді магистратура арқылы ветеринариялық кадрларды қайта даярлауды ескеру.

— Мұның бәрі қазіргі заманауи ветеринариялық зертханалық жабдықтарда жұмыс істеуге, ветеринариялық қауіпсіздік процестерін талдауға және өз бейіні бойынша мамандануға қабілетті білікті кадрларды даярлау қажеттілігінен туындады, сондай-ақ бәсекеге қабілетті жастарды тартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Республикалық бюджет комиссиясы ветеринария мамандарының жалақысын көтеру үшін 22 млрд теңге көлемінде қаржыландыруды қолдады, — деді вице-министр.

Еске салсақ, күзден бастап педагогикалық мамандықта оқитын студенттердің стипендиясы 84 мың теңге болды.