15:21, 16 Маусым 2009
Ветеринария саласындағы заңнаманы жетілдіруге қос Палатаның келісім комиссиясы да үлес қосты
АСТАНА. Маусымның 16-сы. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ветеринария мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша Парламенттің қос Палатасы арасындағы келіспеушіліктерді еңсеру жөніндегі келісім комиссиясының шешімі шығарылды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Заң жобасының негізгі мақсаты ? Қазақстан Республикасының ветеринария жүйесін мемлекеттік басқару мен реттеуді жетілдіру. Сондай-ақ ветеринариялық ұйымдардың қызметін қайта қарау, ветеринариялық-санитариялық әл-ауқатты және тамақ өнімінің, ветеринариялық препараттардың және дәрілік заттардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша кемшіліктерді жою арқылы еліміздің ветеринария саласындағы заңнамасын жетілдіру болып табылады.Мәжіліс мақұлдаған заң жобасын Сенат қараған кезде бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізген болатын. Кейбір баптар бойынша бір шешімге келу үшін келісім комиссиясы құрылды. Аталмыш комиссияға Сенат депутаты Нұрлығайым Жолдасбаева жетекшілік жасады. Комиссия құрамында Мәжіліс депутаттары Петр Дмитриенко, Иван Чиркалин, Розақұл Халмұрадов және сенаторлар Қуаныш Айтаханов, Сәрсенбай Еңсегеновтер бар.Мәжіліс пен Сенат депутаттарынан тұрған келісім комиссиясының отырысында заң жобасына қос Палатаның ұсынған түзетулері жан-жақты қаралған. Түзетулер негізінен заң жобасының редакциялық мазмұнын жақсартуға, құқықтық нормалардың ұғымдарын ашып көрсетуге бағытталған. Кейбір баптардың тармақтары жаңа редакцияда жазылған. Енді келісім комиссиясының ұсыныстары Палатаның жалпы отырысында талқыға түседі.