Ветеринариялық құжаттар цифрлық форматқа көшіріледі - АШМ

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев ветеринария процестерін цифрландыру бағытындағы жұмыстарды атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Цифрлық трансформация орталығы министрлікпен бірлесіп, ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру, ветеринариялық іс-шаралар жүргізу және рұқсат құжаттарын алу сияқты 30 бизнес үдерісті қамтитын үш өмірлік жағдайды талдап, реинжеринг жүргізді. Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру (АШЖБ) және Басқарудың бірыңғай автоматтандырылған жүйесі (ББАЖ) әзірленген және 10 жылдан астам уақыт жұмыс істейді. Бұл жүйелердегі деректер әрдайым өзекті бола бермейді, жұмыста іркілістер, ал кейбір жағдайларда деректердің қайталануы мен сәйкессіздік фактілері бар», - деді Е. Қарашөкеев Мәжілістегі Үкімет сағатында.

Бұл мәселені шешу үшін Министрлік мынадай жұмыстарды жүргізуде:

- АШЖБ мобильді қосымшасын әзірлеу, ол жануардың биркасын сканерлеуге және жүйеге деректерді енгізуге мүмкіндік береді. Мобильді қосымшаның офлайн режимде жұмыс істеу мүмкіндігі қарастырылған;

- ветеринариялық препараттарды қолдануды реттеуге жаңа ақпараттық жүйені әзірлеу;

- ветеринариялық іс-шаралар бойынша ветеринариялық есептілікті автоматтандыру;

- ветеринария саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауды автоматтандыру.

«Ветеринария процестерін цифрландыру және автоматтандыру статистикалық деректердің дұрыстығын қамтамасыз етеді, ветеринариялық дәрігерлерді қағазбастылықтан босатады, экспортқа/импортқа рұқсат беру құжаттарын алу кезінде мерзімдер мен бюрократиялық әуре-сарсаңды қысқартады, бақылаудағы объектілердің орнын ауыстыру мен айналымын бақылауды күшейтеді, сондай-ақ субсидиялар мен жеңілдікті кредиттер алу кезінде сыбайлас жемқорлық пен алаяқтық тәуекелдерді төмендетеді», - деді министр.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта ветеринариялық құжаттаманы цифрлық форматқа көшіру жөніндегі бағдарламалық өнім бірінші нұсқада әзірленді және мамыр айынан бастап бір ауданның базасында тестілеу режимінде апробация басталады. Тестілеу нәтижелерін ескере отырып, түпкілікті пысықтаудан кейін бағдарлама бүкіл республика бойынша іс жүзінде қолдану үшін ұсынылатын болады.