Ветеринарлық-санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері талқыланды

АСТАНА. Қарашаның 30-ы. ҚазАқпарат /Құралай Орынбекқызы/ - Бүгін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінде «Ветеринария туралы заң ветеринарлық-санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізі» тақырыбында баспасөз мәслихаты өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Шілде айында Елбасы «ҚР Ветеринария туралы» Заңына бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына қол қойғандығы мәлім. Бүгін осы Заңның кейбір нормаларын және осы өзгерістер мен толықтырулардың енгізілу себептерін түсіндіру үшін жиналып отырмыз. Аталмыш Заңның негізгі мақсаты - ветеринария саласындағы заңнамалық базаны жетілдіру», деді Мал шаруашылығы және ветеринариялық қауіпсіздік департаментінің директоры Рабиға Тоқсейітова. Баспасөз мәслихатында қабылданған нормаларды түсіндіру үшін барлық аймақтарда басшылардың және агроөнеркәсіптік кешен (АӨК) Мемлекеттік инспекция комитетінің мамандарының, жергілікті атқарушы органдар әкімдерінің, облыстар мен аудандардың ауыл шаруашылығы басқармалары басшыларының, ветеринарлық зертханалардың, ветеринарлық ұйымдар жұмыскерлерінің, ветеринарлық лицензиат дәрігерлердің қатысуымен семинар-кеңестер жүргізілгендігі айтылды.

«Заңға сәйкес, аумақтағы ветеринарлық-санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында облыстардың және аудандардың жергілікті атқарушы органдарының құрамында ветеринарлық бөлімшелер құрылады. Заңды қабылдаумен және ветеринарлық-санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында сатуға арналған малды аулада союға тыйым салынады, яғни кейін сатуға арналған ауыл шаруашылығы малдарын сою тек қана етті қайта өңдеу кәсіпорындарында, мал сою бекеттерінде немесе ауыл шаруашылығы малдарын сою алаңдарында жүзеге асырылуы қажет», - деп атап өтті Р.Тоқсейітова.